Атырау гарнизонының жас сарбаздары салтанатты түрде әскери ант қабылдады. Түркістан және Алматы облыстарынан шақырылған 85 әскери қызметші саптық алаңда Отан қорғаушының сертін оқыды. Іс-шараға өңірлік қолбасшылық әскерлерінің қолбасшысы және Қарулы Күштердің ардагерлері қатысты. Биылғы рәсім карантиндік шектеулерге байланысты алғаш рет әскери қызметшілердің туыстары мен жақындарысыз өтті. Ант қабылдағаннан кейін әскерге шақырылғандар кіші мамандарды даярлау бағдарламасына арналған дайындықты бастайды. Алдағы уақытта оларды алғашқы оқу-жаттығулар, жаяу шерулер мен атыс сабақтары күтіп тұр. Рамиз ТАТАРОВ, жас сарбаз: – Бәріміз де ант қабылдағанымызды мәртебе тұтамыз және егемен Қазақстанға құрметпен қызмет етеміз. Бізге алғашқы әскери дайындықты үйреткен барлық командирге рахмет, біз олардың сенімдерін ақтаймыз.
Автор: Сайт әкімшілігі
Атыраудағы №5 мектепті жөндеу кезінде 25 миллион теңге жымқырылған. Бұл туралы Атырау облысы прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады. Қадағалау органының мәліметінше, 2017 жылы мектеп күрделі жөндеуден өткен. Оған 279 миллион теңге бөлінген. Биыл наурызда ғимарат қаптамасы құлағаны белгілі болды. Сондай-ақ, ол күні желдің күшті болмағаны айтылды. – Тәуелсіз сарапшының қорытындысына сәйкес, сәулет-құрылыс нормаларын сақтамау, сондай-ақ, жұмыстардың орындалмауы салдарынан мемлекетке жалпы сомасы 25 миллион теңге залал келді, – делінген прокуратура мәлімдемесінде. Қалалық прокуратура материалдарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жіберіп, ҚР ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігі («Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
19-тамыз күні сағат 03:00 мен 17:00 аралығында жерсеріктік, цифрлық және аналогты эфирлік желілердің техникалық құралдарындағы сервистер жабылып, жоспарлы-профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Бұл туралы Қазтелерадио хабарлады. Осыған байланысты Қазақстанның барлық аумағында теле-радио арналарды ретрансляциялау уақытша тоқтатылады. «Қазтелерадио» АҚ тоқсан сайын жерсеріктік және эфирлік желілердің техникалық құралдарында сервистерді жаба отырып, жоспарлы-профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Бұл жұмыстар телерадио хабарларын сапалы таратуды қамтамасыз ету үшінқажет, ал тоқсан сайынғы жоспарлы-профилактикалық жұмыстар сервисті ұзақ уақыт өшіруге мүмкіндік береді, сондықтан осы уақыт ішінде техникалық құралдарды жаңғырту бойынша қосымша жұмыстар да жүзеге асырылады.
Әлемде алғаш рет дене қызуын өлшеуге арналған смартфон шығарылды. Бұндай құрылғыныны жасақтауға 4 ай уақыт кеткен. Коронавирус жұқтырған адамның ең алдымен ыстығы көтеріліп, тынысы тарылады және құрғақ жөтел пайда болады. Бұл смартфон дене қызуын жиі тексеріп отыру арқылы ауруды асқындырмай, оны дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Ақылды құрылғының бағасы 100 доллар тұрады. Ал электронды қызу өлшегіш одан да қымбат, эпидемия өршіп тұрған кезде оның құны 400 долларға дейін жеткен .
Бүгін Мемлекет басшысы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады. Бақыт Сұлтанов Қасым-Жомарт Тоқаевқа министрлік жұмысының нәтижелері жайында, сондай-ақ, сауда саласының 2025 жылға дейінгі даму мүмкіндіктері мен перспективасы туралы баяндады. Мемлекет басшысы министрге сауда саласының сыртқы нарықтарға шығуын қалпына келтіру және оны одан әрі дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді. Президенттің пікірінше, отандық тауар өндірушілердің экспорттық мүмкіндіктерін қолдау, сондай-ақ, техникалық реттеу және тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесі арқылы ішкі нарықты сапалы әрі қауіпсіз өніммен қамтамасыз ету – маңызды міндеттердің бірі.
Коронавирусқа қарсы тиімді вакцина жасау мен оны өндіруге кем дегенде 100 миллиард доллар жұмсалады. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Аданам Гебрейюс мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі таңда тәжірибелік 9 вакцина клиникалық сынақтың екінші және үшінші кезеңінен өткізілуде. Препараттың сәтті шығуы үшін жобаны тиісті деңгейде қаржыландыру керек. Сондай-ақ, ол бейсенбі күні өткен брифингте халықаралық валюта қорының бағалау деректерін жариялады. Аталған есепке сәйкес, пандемия әлемдік экономикаға айына 375 миллиард доллар шығын әкеледі. Екі жыл ішіндегі жалпы шығын 12 трлн доллардан асады.
Қазақстанның қаңтар–маусым аралығындағы ЕАЭО елдерімен өзара саудасы 8740,1 млн. АҚШ доллары болды. Бұл былтырғымен салыстырғанда, 11%-ға азайғанын білдіреді. Соның ішінде экспорт 2392,3 млн. (20,2%), ал импорт көлемі 6347,8 млн. АҚШ долларына (7%) кеміген. Қазақстан Республикасының ЕАЭО елдерімен сыртқы сауда айналымының жалпы көлемі: Ресей Федерациясы – 92,4%; Қырғызстан Республикасы – 4,1%; Беларусь Республикасына – 3,4%; Армения Республикасына – 0,1%;
Елді жайлаған пандемия көптеген адамның өліміне әкелсе де, осы жылғы қаңтар–маусым айларының аралығында қазақстандықтардың саны өскен. 2020 жылғы 1-шілдеде еліміздегі халық саны 18760,2 мың адам болды. Оның ішінде қалалықтар 11 040 200 (58,8%) болса, ауылдықтардың үлесі 7 720 000 адамға (41,2%) жеткен. Бұл былтырғымен салыстырғанда халық санының 252 300 адамға немесе 1,4%-ға өскенін білдіреді.
Жаңаөзендік 8 кәсіпкер жылыжай шаруашылығымен айналысып отыр. Биыл тағы қалада 0,7 гектар аумақты алатын жылыжай іске қосылды. Бұл туралы Жаңаөзен қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жібек Бекова мәлімдеді. Жылыжайларда қияр, қызанақтар және құлпынай жемісі өсіріліп жатыр. 2020 жылы жоспар бойынша 200 тонна өнім алынады. Кәсіпкерлер алдағы уақытта шығарылатын өнімдерді жергілікті көтерме саудагерлерге және Ақтау қаласына өткізуді жоспарлауда. Жібек БЕКОВА, Жаңаөзен қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы: – Елімізде жылыжай шаурашылығын дамытуға қолдау бар. Мысалы, жаңа үлгіде автоматтандырылған жылыжай үшін оның құрылысына кеткен шығынның 25%-ы бюджеттен субсидияланады. Мұндай үлгідегі жылыжай Жаңаөзен қаласында жоқ. Алайда шаруа қожалықтарына ұсыныстар берілуде.…
Нұрсаядағы жаңа жолда белгілердің жоқтығы жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің наразылығын тудыруда. Бағыттағыш сызықтардың болмауы жол жүру ережесінің бұзылуына себеп болып тұр. Қалалық ТКШ бөліміндегілердің айтуынша, жол сызықтары Ғабдиев көшесіне жуық арада салынады. Өйткені, Әбілхайырхан және Елорда даңғылдары аралығындағы қайта жаңарту жұмыстары толық аяқталмапты. Бұл жолдың ерте ашылуы басқа көшелердің жөндеу жұмыстарына байланысты болған. Әкімдіктегілер мұндай шешім кептелістерді болдырмау үшін қолданылып отырған көрінеді. Аңсаган САҒЫНБАЕВА, қалалық ТКШ, ЖК және АЖ бөлімінің баспасөз хатшысы: – Әзірге жүргізушілердің жұмыс барысына түсіністікпен қарауларын сұраймыз. Жол белгілерінің орнатылмауына, үзік сызықтардың сызылмауына байланысты жылдамдықты асырмай, барынша жол ережелерін сақтап жүруін сұраймыз.
