CaspianLife, 21 қыркүйек. Атырау облысының әкімі Өзбекстанның Ақтаудағы Бас консулы Жамолиддинхожа Абдукаримовпен және көші-қон мәселелері жөніндегі атташе Достон Махмудовпен кездесті.
Өңір басшысы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық байланыстардың тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті. 2025 жылдың қорытындысында Атырау облысы мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 90,8 млн АҚШ доллары болған. Өңірде өзбекстандық капиталы бар 296 компания жұмыс істейді.
Тараптар өзара сауда көлемін арттыру, жеткізілетін өнім ассортиментін кеңейту және екі ел кәсіпкерлерінің тікелей байланысын жолға қою мүмкіндіктері туралы сөйлесті.
Өңіраралық көлік байланысы, әуе және автокөлік бағыттарын көбейту мәселесіне де ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ еңбек миграциясы, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға шетел мамандарын тартуға қатысты сұрақтар да талқыланды.
Тараптар кездесу соңында екі жақты қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға және бірлескен жаңа бастамаларды іске асыруға мүдделі екенін растады.


