CaspianLife. 5 қараша. Ақтөбе қаласының 70-тен астам тұрғыны интернет арқылы жиһазға тапсырыс беріп, алайда жиһазын да, ақшасын да ала алмаған соң полицияға арызданды. Алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті үйқамаққа алынған.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғадан жүзге жуық адам зардап шеккен. Олардың барлығы жиһаз жасайтын компанияның интернеттегі жарнамасына сеніп, тапсырыс беріп, келісімшарт жасасқан. Алайда уәде етілген жиһаздар жеткізілмеген, ал төленген қаражат қайтарылмаған.
Жәбірленушілердің бірі Анар Ережепова Нұрхат Құрмановтан асүй жиһазына тапсырыс берген. Ол «Шоқан мебель» брендімен танымал.
«Ол жиһазды 31 күнде жасап беруге уәде етті. Міне, бесінші айға аяқ басты. Бірақ жиһазымды әлі жеткізген жоқ, ақшамды да қайтармады», – дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны.
Тапсырыс берушілердің әрқайсысы тапсырыстың құнына қарай 1-2 миллион теңге аралығында ақша төлеген. Бірі банк арқылы бөліп төлеуге рәсімдесе, енді бірі қолма-қол ақша берген. Алайда жиһаз жасаушы күн сайын түрлі сылтау айтып, істі соза берген.
Жәбірленушілердің бірі Рахымжан Елмуратов келтірілген шығын көлемін бағалады.
«Шамамен 35-40 миллион теңге шығын келтірілген. Бұл топта тапсырысты басқа адамдардың атына тіркелген жеке кәсіпкерлер арқылы рәсімдегендер де көп. Менің ойымша, бұл жерде аса ірі көлемдегі алаяқтық белгілері бар», – деді ол.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті қылмыстық істің қозғалғанын және тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын растады. Ведомствоның баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұловтың айтуынша, полицияға 70-тен астам жәбірленушіден арыз түскен.
«Ақтөбе облысының полиция департаменті алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 70-тен астам жәбірленушіден арыз түсті. Жақын арада іс аяқталып, заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданады», – деді Ерболат Сарқұлов.
Амалсыз жағдайға тап болған тұрғындар екі талаптың бірін орындауды сұрайды: не ақшаларын қайтару, не тапсырыс берген жиһаздарын жасап беру. Енді олар соттың әділ шешім шығарып, келтірілген шығынның өтелуіне үміт артып отыр.
Кәмшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ, Ақтөбе облысы

