CaspianLife. 5 қараша. Атырау облысының электр энергетикасы жаңа деңгейге көтерілмек. 2034 жылға қарай өңірде жалпы қуаттылығы 1 290 МВт болатын бес ірі энергия өндіруші нысан іске қосылады. Тиісті жоспар Мемлекет басшысының энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында әзірленген.
Электр энергиясын өндіру көлемін арттыру қажеттілігіне сұраныстың өсуі, әсіресе жаңа өнеркәсіптік жобалардың іске қосылуы себеп болып отыр. Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдолат Кенжебековтің айтуынша, қазіргі уақытта өңірде 1 266 МВт электр энергиясы өндіріледі. Жазғы тұтыну шарықтау шегінде облыста 220–270 МВт қуат тапшылығы байқалады. Оның орнын көршілес энергия тораптарынан келетін электр ағыны есебінен толтыруға тура келеді.
2030 жылға дейін облыста бес жаңа нысанды іске қосу жоспарланған. Атап айтқанда, «Sterna Power» ЖШС мен «Hualin Energy Ltd» компаниясы әрқайсысының қуаттылығы 250 МВт болатын бу-газ қондырғыларын салады. Ал Атырау жылу электр орталығының қуаты кеңейту жұмыстары есебінен 210 МВт-қа артады. «KUS» ЖШС қуаттылығы 330 МВт болатын бу-газ электр станциясын, ал «Батыс Каспий Энерго» ЖШС қуаттылығы 250 МВт жел электр станциясын салмақ.
Сонымен қатар «KEGOC» АҚ-мен бірлесіп электр желілерін дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кернеуі 500 кВ, ұзындығы 604,3 шақырым болатын электр желісі Батыс аймақты Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен байланыстырады. Жобаны 2027 жылы аяқтау жоспарланған.
Құрманғазы ауданындағы Азғыр аймағын электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесі де назарда. Қазіргі уақытта ондағы тоғыз елді мекен электр қуатын Ресей Федерациясынан алып отыр. Мәселені шешудің екі жолы қарастырылуда. Біріншісі – газ поршеньді электр станциясын салу, екіншісі – ұзындығы 205 шақырым болатын кернеуі 110 кВ жоғары вольтты электр желісін тарту.
Өңір басшысы энергетика саласын дамытуда алдын ала жоспарлаудың маңызын атап өтті.
«Энергетиканы дамыту жұмыстары тұтыну көлемінің алдағы өсімін ескере отырып, алдын ала жүргізілуі керек. Жобалардың уақытылы жүзеге асуын қамтамасыз етіп, өзіміздің электр энергиясын өндіру қуаттарын арттыру және елді мекендерді электрмен жабдықтау сенімділігін күшейту қажет. Сонымен қатар халыққа қосымша тарифтік салмақ түсірмеу маңызды», – деді облыс әкімі Болат Ақшолақов.
Бұдан бөлек, жиында 2024–2040 жылдарға арналған өңірлік газ балансы қаралды. Облыс әкімі газ өндіру мен тұтыну көлемін саралап, алдағы қажеттілікті және өз өндірісін арттыруға қажетті инвестиция көлемін анықтауды тапсырды.
Жиын қорытындысы бойынша жауапты басқармаларға энергетикалық жобаларды пысықтау, электр энергиясын өндіру қуаттары мен желілерді үйлесімді дамыту, сондай-ақ өңірдің энергетикалық ресурстар балансын өзектендіру міндеттелді.
Дереккөз: Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі


