CaspianLife. 4 қараша. «Әділет» партиясынан Атырау облыстық мәслихатының депутаттығына кандидаттар сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында TEXOL компаниялар тобына қарасты. Атырау вагон құрастыру зауытының еңбек ұжымымен кездесіп, отандық өндірісті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру мәселелерін талқылады. Жүк вагондарын шығаратын өңірдегі бірегей кәсіпорын қызметкерлері кандидаттарға өндіріс саласындағы өзекті мәселелер мен ұсыныстарын жеткізіп, еңбек жағдайы, саладағы кадр тапшылығы және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігі жөнінде сауалдарын қойды.
Кездесуде кандидат Айгүл Әмірғалиева кәсіпкерлікті дамыту мен өндіріс орындарын қолдаудың экономикалық өсіммен қатар, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға да тікелей ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ кәсіп ашу мен оны жүргізудің жауапкершілігін жақсы түсінетінін айтқан ол Мемлекет басшысының Жолдауында шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін арттыру, кәсіпкерлерге ұзақ мерзімді қаржыландыру мүмкіндігін кеңейту және отандық өндірісті қолдау міндеттері айқындалғанына назар аударды.
– Кәсіпкерлік – жаңа жұмыс орындарын ашып, адамдардың тұрақты табысқа қол жеткізуіне мүмкіндік беретін маңызды сала. Әрбір өндіріс орнының дамуы артында ондаған, жүздеген адамның еңбегі мен отбасының әл-ауқаты тұр. Сондықтан кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасап, отандық өнім өндірушілерді қолдауымыз қажет. Жұмыссыздықты азайту үшін жаңа кәсіпорындар ашумен қатар, жұмыс істеп тұрған өндірістердің әлеуетін арттыру, жастарды сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеу маңызды, — деді Айгүл Маулышарифқызы.
Сондай-ақ ол Президенттің цифрлық технологияларды күнделікті өмір мен еңбек үдерісінде тиімді пайдалану туралы ойын тарқатып, ұялы телефонды уақыт өткізетін құрал ретінде ғана емес, білім алуға, кәсіби дамуға, кәсіп жүргізуге және табыс табуға мүмкіндік беретін пайдалы құралға айналдыру қажеттігін айтты.
– Қазір смартфон арқылы білім алып, жаңа дағдыларды меңгеруге, тауарды жарнамалап, тұтынушы табуға, тіпті өз кәсібіңді дамытуға болады. Ең бастысы – телефонға тәуелді болмай, оның мүмкіндігін өз қажетімізге жарата білу. Әсіресе жастар уақытын тиімді пайдаланып, цифрлық сауатын арттырса, бұл олардың еңбек нарығындағы мүмкіндігін кеңейтеді, — деді кандидат.
Кандидаттар Мемлекет басшысының Жолдауында Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін күшейту, заманауи теміржол және автомобиль инфрақұрылымын дамыту, отандық кәсіпорындарды өндірістік тізбектерге тарту міндеттері белгіленгенін атап өтті. Ал «Әділет» партиясының Атырау облысы бойынша 2026-2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасында өңір экономикасын әртараптандыру, кәсіпкерлікті қолдау және жұмыспен қамтуды арттыру нақты көрсеткіштермен бекітілген. Атап айтқанда, бағдарламада 120 мың жаңа жұмыс орнын ашу, шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін 22,3 пайызға дейін жеткізу, қаржылай қолдау алған кәсіпкерлік субъектілерінде 662 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Бұл бастамалар вагон құрастыру секілді өндіріс орындарының дамуына, жергілікті кәсіпорындардың әлеуетін арттыруға және өңірде тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге бағытталған.
Дайындаған: «Әділет» партиясының Атырау облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: Мурзагалиев Б.Т. Атырау облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» қоғамдық бірлестігінің сайлау қоры қаражатынан төленді



