CaspianLife, 22 қыркүйек. Ақтауда «Cheese Open – 2026» халықаралық ірімшік және сүт өнімдері байқауы өтіп жатыр. Биылғы байқауға әлемнің 20 елінен өкілдер мен 150-ден астам сарапшы қатысып, 400-ден астам ірімшік пен сүт өнімдерінің үлгісі ұсынылды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Іс-шара Маңғыстау облысының сауда және кәсіпкерлік басқармасы мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен ұйымдастырылуда. Байқау барысында халықаралық сарапшылар ұсынылған өнімдерді бес негізгі критерий бойынша бағалауда. Олар – дәмі, хош иісі, құрылымы, үйлесімділігі және сыртқы көрінісі.
– Биыл байқауға әлемнің 20 елінен өкілдер қатысып отыр. Сарапшылар ұсынылған өнімдерді мұқият бағалауда. Нәтижесінде алтын, күміс және қола медаль иегерлері анықталады. Сонымен қатар Super Gold атағына ие болатын ерекше ірімшіктер белгілі болады. Олар 23 қыркүйекте өтетін суперфиналға қатысу мүмкіндігіне ие болады, – деді «Cheese Open – 2026» ұйымдастырушысы Александра Григолова.
Super Gold – байқаудың суперфиналына қатысуға мүмкіндік беретін арнайы атақ. Суперфинал 23 қыркүйекте «Cheese Open – 2026» байқауының басты сахнасында өтеді.
Биыл байқауға Моңғолия, Қытай, Эквадор, Испания секілді мемлекеттер алғаш рет қатысып отыр. Сонымен қатар Нидерланд, АҚШ, Италия, Франция және басқа елдерден келген кәсіби сарапшылар өнімдерді бағалауға атсалысуда.
Маңғыстаудан байқауға 26 өндіруші қатысып, 50 өнімін халықаралық сарапшылардың бағалауына ұсынды. Бұл жергілікті өндірушілер үшін өз өнімдерін халықаралық деңгейде таныстыруға мүмкіндік береді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ауқымды іс-шара өңірдегі сүт өндірісінің дамуына серпін беріп, жергілікті өндірушілердің мүмкіндігі мен әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

