CaspianLife, 2 мамыр – «Маңғыстау облысындағы Жетібай кен орнында газбен дәнекерлеуші қайтыс болды. Тағы бір жұмысшы ауруханаға түсті», -деп хабарлайды сaspianlife.kz Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 29 сәуір сағат кешкі 5 шамасында «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының №5613/28 ұңғымасында «Великая Стена» БК ЖШС аумағында болған. Жазатайым оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. Қазіргі уақытта Маңғыстау облысының Еңбек басқармасы басшылық ететін комиссия құрылып жатыр.
Автор: Сайт әкімшілігі
CaspianLife, 2 мамыр – «Жаңажол кен орнының «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» газ өңдеу зауытындағы өрт толығымен сөндірілді», -деп хабарлайды сaspianlife.kz. Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өрт кешкі 6:20-да сөндірілген. Еске сала кетсек, 1 мамырда сағат 15:55-те 112 пультіне Мұғалжар ауданы Батпақкөл ауылдық округінің Жаңажол кен орнында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ №2 газ өңдеу зауытының аумағында қондырғы өртенгені туралы хабарлама келіп түскен еді. ТЖД басшылығы аэровизуалды барлау жүргізді.Өртті сөндіруге 50-ден астам өрт сөндіруші мен 9 бірлік техника жұмылдырылды. Күйік алған 4 жұмысшы Темір ауданының орталық ауруханасына шұғыл түрде жатқызылды. Зардап шеккендердің жағдайы тұрақты.
CaspianLife, 2 мамыр – «Қазақстанда мүгедек екенін растау процесі жеңілдей түспек. Енді қағаз тасып, мекеме аралаудың қажеті болмайды», -деп хабарлайды сaspianlife.kz. Мұны Денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаев орталық коммуникациялық қызметі алаңында өткен брифинг барысында айтты. Оның сөзінше, алға қарай медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізілетін органдарға қағаз түрінде ұсынылуы қажет бірқатар құжат саны қысқармақ. Яғни медициналық-әлеуметтік сараптама құрылымдарына тікелей барудың қажеті болмайды.
CaspianLife, 2 мамыр – «Атырауда Қазақстан халқының бірлігі күніне орай жергілікті өнерпаздар концерт қойды», -деп хабарлайды сaspianlife.kz. Құрманғазы атындағы мәдениет үйінің ұжымы ұйымдастырған мерекелік іс-шарада балалар түрлі жанрда би билеп, мәдениет үйінің әншілері халық және шетелдік әндерді орындады. Сондай-ақ, алаңға жиналған тұрғындардың көңілін көтеруге аниматорлар да ат салысты. Жанға жайлы қоңыр салқын кеште атыраулықтардың әдемі ән тыңдап, марқайып қалғандарын көңіл күйлерінен аңғаруға болады.
CaspianLife, 2 мамыр – «Облыс орталығында мерекеге орай ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті, -деп хабарлайды сaspianlife.kz. «Сарайшық» коммуналдық базарындағы жәрмеңкеге 17 шаруа қожалығы қатысты. Соның ішінде 9-ы Махамбет ауданынан келген. Жәрмеңкеде ет, сүт, жеміс-жидек арзан бағада сатылғандықтан халық көп болды. Мысалы, сиыр етінің бір келісі 2400, қой етінің бір келісі 2000 теңгеден саудаланды.
CaspianLife, 1 мамыр – «Бір шаңырақ астында». Діні мен ділі, дәстүрі мен салты өзге, тілі мен түрі ұқсамаса да, қазақ халқының шаңырағы астында тоғысқан ондаған ұлт пен ұлыс өкілдері бірлік күнінің шымылдығын музыкалық-театрландырылған қойылыммен ашты, -деп хабарлайды сaspianlife.kz. «Елім» деп еміренген этно-мәдени бірлестік мүшелері мерекелік іс-шараның шырайын кіргізді. Мерекелік концертке жиналғандарды облыс әкімі Серік Шәпкенов құттықтап, мәні мен мағынасы бөлек мейрамда достығымыз нығайып, сыйластық арта берсін деп ақжарма тілегін арнады. Атырау облысында қазіргі кезде 80-нен астам өзге ұлт және олардың 46 мыңнан астам өкілі тұрады.
CaspianLife, 1 мамыр – Құрманғазылық полицейлер былтырғы жұмыстарын қорытындылап, тұрғындар алдында есеп берді, -деп хабарлайды сaspianlife.kz. Аудандық полиция бөлімінің басшысы Найзабек Құбашевтің сөзінше ауылдағы жағдай тұрақты, қылмыс алдыңғы жылмен салыстырғанда 19,7 %-ға азайған. Ал өткен жылдың осы кезеңімен салыстырсақ, биыл ауыр қылмыс -53,8%-ға, орта дәрежелі қылмыс – 28,6%-ға төмендепті. Былтыр аудан көлемінде 17 жол-көлік оқиғасы болып, 6 адам қаза тапса, 20 адам түрлі дене жарақатын алған. Ауданның бас полицейі мұндай апаттарды болдырмау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті орындарға ұсыныс беріпті.
CaspianLife, 1 мамыр – «Біз – бір отбасымыз». Атырауда Қазақстан халқының бірлігі күніне орай балалар фестивалі өтті, -деп хабарлайды сaspianlife.kz. Жыл сайын болатын мерекелік іс-шараны «Довира» украин этномәдени бірлестігі ұйымдастырды. Жиналғандардың алдында “Тропикана”, “Топ дэнс” балалар ұжымы өнер көрсетті. Балабақша тәрбиеленушілерінен құралған топ мүшелері де аянып қалмады. Бұл жолы олардың қатарына «Иверия» және «Светоч» грузин-славян этно-мәдени бірлестіктері де қосылыпты. Ұйымдастырушылардың сөзінше фестиваль – балалардың өзге ұлт өкілдеріне сыйластық танытып, құрметпен қарауына ықпал етеді.
CaspianLife, 1 мамыр – Атыраулықтар Азия чемпионатынан жүлделі қайтқан парадзюдошыларды күтіп алды, -деп хабарлайды сaspianlife.kz. Жарыс 29 сәуір күні Астана қаласында өткен еді. 11 елден келген 100-ден астам спортшы мүлде көрмейтіндер және нашар көретіндер санатында сайысты. Ерлер арасында өткен жарыста атыраулықтар — Аманжол Жанбота мен Ғалымжан Смағұлұлы күміс, ал Ерлан Өтепов қола медальға қол жеткізді. Чемпионат қорытындысында Қазақстан құрамасы 4 алтын, 4 күміс және 6 қол медаль жеңіп алды.
CaspianLife, 1 мамыр – Атырауда Жеңістің 78 жылдығына орай «Ерлікке тағзым» деген атаумен әйелдер арасында саябақ волейболынан жарыс өтті, -деп хабарлайды сaspianlife.kz. Атырау облыстық ардагерлер кеңесі ұйымдастырған спорттық сайысқа 8 команда қатысты. Жарыс жеңімпаздарын жергілікті хор ұжымы арнайы келіп құттықтады. Жарыс соңында «АМӨЗ» ЖШС мен Атырау энергетика және құрылыс колледжі үздік үштікті түйіндеді. NCOC компаниясы екінші орын алса, KPI ұжымы кубок иегері атанды. Жеңімпаздар бұған дейін де облыстық және республикалық турнирлерде көзге түсіп жүрген еді.
