CaspianLife, 18 маусым. Ақтөбе облысында маусым айының басында толассыз жауған жаңбырдың нәтижесінде өңірдегі су қоймаларында 5 миллион текше метрден астам су жиналды. Оның ішінде Ақтөбе су қоймасына 4 миллион текше метрден астам, Қарғалы су қоймасына 1,5 миллион текше метрден аса, ал Сазды су қоймасына 400 мың текше метрден астам су түскен.
Қазіргі таңда Ақтөбе және Қарғалы су қоймаларындағы жалпы су қоры 100 миллион текше метрден асып отыр. Ал Сазды су қоймасы жартысынан көбірек толып, ондағы су көлемі 3,6 миллион текше метрге жеткен. Мамандардың бағалауынша, жиналған су қоры вегетациялық кезеңді қиындықсыз өткізуге толық жеткілікті.
– Су қоймасы штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Биыл тасқын су көлемі көп болған жоқ: Ақтөбе су қоймасына 60 миллион текше метр, Қарғалы су қоймасына 45 миллион текше метр су келді. Ал Сазды су қоймасына небәрі 600 мың текше метр су түсті. Соңғы екі-үш апта бойы жауған жаңбырдың да оң әсері болды. Қазір Ақтөбе және Қарғалы су қоймаларынан жіберіліп жатқан су көлемі вегетациялық кезеңде фермерлік шаруашылықтар мен өндірістік кәсіпорындардың қажеттілігін толық қамтамасыз етеді, – деді «Қазсушар» РМК облыстық филиалы директорының орынбасары Тимур Тілеуов.

