CaspianLife, 18 маусым. Атырауда Жангелдин ауылындағы отбасының қазасына қатысты сот процесі жалғасуда. Жәбірленуші тараптың өкілдері күдікті Сұлтан Сарсемәлиевтен моральдық шығын ретінде 70 миллион теңге өндіріп беруді талап етті. Мұндай талаппен қаза болған Мақсот Қарабалиннің туған әпкесі сотқа жүгінді. Оның айтуынша, қайғылы оқиғадан кейін отбасы тыныштығынан айырылып, жақын туыстарының денсаулығына да елеулі зиян келген.
Сұлтан Сарсемәлиев сотта тағы да Наурыз Мұқанғалиевті өзін қорғау мақсатында өлтіргенін, ал отбасының қалған үш мүшесін қасақана өлтіргенін мәлімдеді. Айыпталушы моральдық шығынды өтеуден және келтірілген залалдың орнын толтырудан бас тартпайтынын айтты. Алайда қазіргі уақытта оның атына тіркелген жылжымайтын мүлкі жоқ екенін және қаржылық жағдайының ауыр екенін жеткізді.
Жәбірленуші тараптың сұрақтарынан кейін Сарсемәлиев қаза болғандардың туыстарынан кешірім сұрады. Егер шын мәнінде өкініп, Меккеге барған болса, неге бұған дейін кешірім сұрамағаны жөніндегі сұраққа ол:
– Бұл ой менің санамда болды, бұл туралы тергеу кезінде де айттым. Барлығы араздықтың салдарынан болды. Мен өзімді де, марқұмдарды да кешірмеймін, – деп жауап берді.
Сот отырысында сот-медициналық сараптама жүргізген маман да куәлік берді. Оның айтуынша, қаза болған үш адамның денесіндегі кейбір пышақ жарақаттарының тереңдігі 18 сантиметрге дейін жеткен. Ал Мейрамгүл Қарабалинаның денесінен 32 пышақ жарақаты анықталған.
– Бірақ бұл оған дәл 32 рет пышақ сұғылды дегенді білдірмейді. Қол сияқты дене бөліктеріне бір рет жасалған соққының өзінен бірнеше жарақат пайда болуы мүмкін, – деп түсіндірді сарапшы.

