CaspianLife. 12 қараша. Ақтаудағы «Тұлпар» жекеменшік мектеп-лицейінің еден жуушының шелегін теуіп жіберген мұғалімі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 86 500 теңге айыппұл салынды. Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.
Қазан айында болған оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тарап, көпшіліктің қызу талқысына түскен еді. Осыдан кейін педагог бірден жұмыстан босатылып, іс материалдары мамандандырылған әкімшілік сотқа жолданған. Іс құжаттарына сәйкес, мұғалім еден жуып жүрген қызметкердің шелегін әдейі теуіп, кейін онымен жанжалдасқан. Қоғамдық тәртіпті бұзған бұл әрекет ұсақ бұзақылық ретінде сараланған.
Сот отырысында әйел өз кінәсін толық мойындап, бұл әрекетін эмоцияға берілуімен түсіндірген. Сот оның өкінгенін және кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескеріп, 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу туралы шешім қабылдаған.
Жанжалдың себебіне мектеп директоры Халиф Челик түсініктеме берді. Айыппұл арқалаған әйел – оның жұбайы. Ол лицейде түрік тілінен сабақ берген.
«Еден жуушыдан кабинетті жууды сұрағанда, ол бас тартқан. Осыдан кейін екеуінің арасында жанжал туындаған. Кетіп бара жатып, еден жуушы балағат сөздер айтқан. Әдепсіз сөздерді естіген біздің қызметкер оның соңынан барып, не себепті олай сөйлегенін сұраған. Ашуланып, шелекті төңкеріп жіберген. Әрине, бұл білім беру мекемесі болғандықтан, мұндай әрекетті құптамаймыз. Алайда жұрт бұған дейін қандай сөздер айтылғанын білмейді», – деді Халиф Челик.
Мектеп басшысы бейнежазбаның әлеуметтік желіге қалай тарағаны туралы да айтып, бұған бұрын жұмыстан кеткен қызметкерлердің қатысы болуы мүмкін екенін болжады.
«Бейнежазбаны еден жуушының жанында болған адамдар таратқан. Олардың атын атамай-ақ қояйын, бірақ бұлар – бұған дейін жұмыстан кеткен адамдар. Мұны біздің абыройымызға нұқсан келтіріп, қоғам алдында жаман жағынан көрсету үшін жасаған», – деді ол.
Сондай-ақ мектеп директоры болған оқиғаның ұлтаралық сипатта еместігін ерекше атап өтті. Өзінің Қазақстанда 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқанын еске салды.

