CaspianLife. 11 қараша. Ғылым саласына жүргізілген аудит барысында 51 млрд теңгеге қаржылық заңбұзушылық анықталды. Сонымен қатар 47 млрд теңге тиімсіз пайдаланылған немесе жоспарлау кезінде қателіктерге жол берілген. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов мәлімдеді.
36 дерек бойынша материалдар әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін уәкілетті органдарға жолданған. Тағы үш факті бойынша құжаттар құқық қорғау органдарына жіберіледі. Үкіметке ұсынымдар беріліп, жауапты мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар жүктелді.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, ғылыми әзірлемелерге бизнес тарапынан сұраныс төмен. Ғылымды қаржыландыру негізінен мемлекет есебінен жүзеге асырылып келеді.
«Ғылым саласында әлі де бірқатар жүйелі мәселе бар. Оның экономикадағы үлесі төмен деңгейде қалып отыр. Қазір бұл көрсеткіш жалпы ішкі өнімнің 0,16 пайызын құрайды. Ал нысаналы меже — 1 пайыз», — деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.
Аудит нәтижесі бойынша, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясындағы 79 жобаға 62 млрд теңге бөлінген. Алайда қаражаттың жұмсалу бағыттары нақты көрсетілмеген. Смайыловтың сөзінше, қорытынды есеп қабылданбаса да, жобаны орындаушы ұйым қаржының негізгі бөлігін сақтап қалады. Өйткені түпкілікті бағалау жүргізілгенге дейін жоба құнының 96-98 пайызы төленеді. Сондай-ақ жалпы сомасы 16 млрд теңгені құрайтын 176 жоба бойынша түпкілікті нәтижеге қол жеткізілмеген.
Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру да өзекті мәселе болып отыр. Ғылым қорының дерегінше, бұл бағыттағы көрсеткіш 44 пайызды құраған. Алайда есепті кезеңдегі деректерді бірдей әдіспен салыстырғанда, нақты көрсеткіш 16 пайыз ғана болған.
«Нарықтағы нақты нәтиже де шектеулі. Аяқталған 141 жобаның тек 38-і немесе 27 пайызы соңғы үш жылда өнімді тұрақты түрде сатуды қамтамасыз еткен. Қалған 103 жоба 22 млрд теңге көлемінде күтілген өнім шығару және сату нәтижелеріне қол жеткізе алмады», — деп нақтылады Смайылов.
Аудиторлар жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) бөлетін 1 пайыздық аударымдары да қолданбалы ғылымды дамытуға толыққанды ықпал ете алмағанын атап өтті. Бақылаудың әлсіздігінен бұл қаражаттың бір бөлігі ғылыми айналымнан шығарылып, депозиттерге, бағалы қағаздарға және РЕПО операцияларына бағытталған.
Аудит барысында ғылым саласын басқарудағы жүйесіздік те анықталған. 2021-2025 жылдары ғылымды дамытуға арналған төрт тақырыптық бағдарламалық құжат қабылданған. Алайда олардың үшеуі мерзімінен бұрын тоқтатылған. Сонымен қатар құжаттардағы кейбір нысаналы көрсеткіштерге қойылатын талаптар жеңілдетілген.
Жоғары аудиторлық палата төрағасы ғылыми тапсырыстарды қалыптастыру тәртібіне де сын айтты.
«2025-2027 жылдарға арналған жеті басымдық пен 153 мамандандырылған бағыт бекітілген. Алайда бағыттардың мұншалықты көп болуы кез келген зерттеуді басым бағытқа жатқызуға мүмкіндік береді. Ғылыми-техникалық тапсырмалар да көбіне нақты нәтижесі, бағалау өлшемдері мен енгізу тетігі көрсетілмей, жалпы сипатта қалыптасады. Олардың едәуір бөлігі салалық сұраныспен қамтамасыз етілмеген. 2023-2025 жылдарға арналған 393 тапсырманың 149-ы, яғни 67 млрд теңгеге бағаланған бөлігі орындалмаған. Бұдан бөлек, жобаларды іріктеу кезінде мүдделер қақтығысының тәуекелі сақталып отыр: ғылыми кеңестердің 225 мүшесінің 84-і жалпы сомасы 52 млрд теңгені құрайтын 127 жобаның зерттеу топтарына кірген. Ал 27 мүшесі жобалардың ғылыми жетекшісі болған», — деді Әлихан Смайылов.
Жалпы, ғылым саласындағы нәтижелер көбіне жарияланымдар, қорғау құжаттары мен енгізу актілері сияқты формалды көрсеткіштер арқылы бағаланады. Алайда мұндай көрсеткіштер ғылыми жұмыстың технологиялық, өндірістік немесе өзге де қолданбалы нәтижеге қол жеткізгенін дәлелдемейді. Жоғары аудиторлық палата төрағасының пікірінше, қолданыстағы жүйеде ғылыми жоба есеп тапсырылғаннан кейін аяқталған болып саналады, ал оның кейінгі қолданысы жүйелі түрде қадағаланбайды.
Дереккөз: LS
Фото: gsem.urfu.ru

