CaspianLife, 10 қараша. Қазақстанда ветеринарлардың жалақысын едәуір арттырып, оларға жаңа әлеуметтік кепілдіктер беру жоспарланып отыр. Депутаттардың бастамасымен әзірленген заң жобасын Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат мамандарды әлеуметтік қолдауды күшейтуге, ветеринариялық бақылау жүйесін жетілдіруге және азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Құрылтай депутаты Серік Егизбаевтың айтуынша, қазір ветеринарлардың орташа жалақысы 220 мың теңгені құрайды. Заң қабылданғаннан кейін бұл көрсеткіш екі еседен астам өседі.
«Қазір ветеринарлардың орташа жалақысы — 220 мың теңге. Заң қабылданған соң олардың еңбекақысын 500 мың теңгеге дейін көтереміз. Оның ішінде қосымша төлемдер де бар. Ветеринария саласында ғылыми жұмыспен айналысатын мамандарға ғылым кандидаты дәрежесі үшін жалақысына қосымша 17 АЕК, яғни 73 мың теңге, ал ғылым докторы дәрежесі үшін 34 АЕК, яғни 143 мың теңге төленеді», — деді Серік Егізбаев.
Сонымен қатар мамандарға жыл сайын лауазымдық жалақысының кемінде екі еселенген мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төленіп, ақылы еңбек демалысы беріледі.
Заң жобасының тағы бір бөлігі арнайы жұмыс киіміне қатысты. Оны сатып алуға бюджеттен 1,8 млрд теңге бөлінеді. Депутаттың айтуынша, қазір ветеринарлар арнайы киімді өз қаражатына сатып алуға мәжбүр.
«Жазғы киім жиынтығының нарықтағы бағасы 70–80 мың теңге болса, қысқы арнайы киім шамамен 200 мың теңге тұрады. Бұл — мал қораларында жұмыс істеуге арналған киім. Қазір ветеринарлар оны өз ақшасына сатып алып жүр. Осы мақсатқа бюджеттен 1,8 млрд теңге қарастырылған», — деп атап өтті Серік Егізбаев.
Мамандарды қолдаумен қатар, құжат ветеринария саласының құрылымын да өзгертуді көздейді. Ветеринариялық дәрігерлердің құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғайтын ветеринариялық палата құрылады. Ал ветеринариялық препараттардың сапасы мен айналымын фармацевтикалық инспекция қадағалайды. Ветеринариялық қызметтің жұмысы, жүргізілген шаралар мен мемлекеттік бақылау туралы мәліметтер бірыңғай цифрлық жүйеге жинақталады.
Азық-түлік қауіпсіздігіне қойылатын талаптар да күшейтіледі. Қоғамдық тамақтану орындарына арналған малды тек арнайы жабдықталған нысандарда союға рұқсат беріледі. Ветеринариялық сараптамадан өтпеген өнімдерді пайдалануға шектеу қойылады. Ұйымдасқан шаруашылықтар штатында ветеринариялық дәрігер ұстауға немесе оның қызметіне келісімшарт негізінде жүгінуге міндеттеледі. Сондай-ақ ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізуге берілетін лицензиялар қызмет түрлері бойынша нақтыланады.
Заң жобасын депутаттардың ұсыныстары мен ескертулерін ескере отырып, одан әрі пысықтау жоспарланып отыр.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана

