CaspianLife. 10 қараша. Атырауда композитті газ баллондарын шығаратын зауыт ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов мәлімдеді. Осындай кәсіпорынды Алматы қаласында да іске қосу көзделген.
Министрдің айтуынша, екі қалада да өндіріс орындарын ашу мәселесін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі пысықтап жатыр.
«Қазіргі уақытта Көкшетауда болат газ баллондарын шығаратын зауыт жұмыс істеп тұр. Онда 500 дана өнім шығарылды. Бұдан бөлек, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Атырау мен Алматыда композитті баллондар өндірісін іске қосу мәселесін қарастырып жатыр», — деді Мұрат Мұханов.
Жаңа өндіріс орындарын ашу қажеттілігі қолданыстағы газ баллондарының тозуына байланысты туындап отыр. Премьер-министр Олжас Бектенов өткен жылыту маусымында газ баллондарының жарылуына қатысты жеті оқиға тіркелгенін еске салды. Оның негізгі себебі — қауіпсіздік талаптарын сақтамау.
«Тұрмыста қолданылатын, әлеуетті қауіп төндіретін шамамен 350 мың газ баллоны 40-50 жылдан бері пайдаланылып келеді. Оларды шұғыл түрде ауыстыру қажет. Өнеркәсіп министрлігіне баллон өндірісін жолға қою тапсырылған болатын. Қазір Көкшетауда осындай зауыт іске қосылды. Алдағы уақытта Атырау мен Алматыда да осындай өндіріс орындарын ашу жоспарланып отыр», — деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысының пікірінше, енді жеке тұрғын үйлердегі және тамақ дайындау үшін газды белсенді пайдаланатын қоғамдық тамақтану орындарындағы баллондарды жаңарту қажет.
Премьер-министр Энергетика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай ішінде газ баллондарын жаңарту, айналымнан шығару және олардың пайдаланылуын бақылау тетігін әзірлеуді тапсырды. Ал әкімдіктерге бұл жұмыстың өңірлерде орындалуын бақылау міндеттелді.
«Энергетика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай мерзімде барлық өңірде газ баллондарын жаңарту, айналымнан шығару, сондай-ақ олардың айналымын бақылаудың нақты тетігін әзірлеуді тапсырамын. Әкімдіктер жергілікті жерлерде осы жұмыстың орындалуын бақылауға алсын», — деді Олжас Бектенов.
Министр Мұрат Мұхановтың айтуынша, Энергетика министрлігі баллондарды таңбалау және есепке алу жүйесін енгізу мәселесін де пысықтап жатыр. Бұл олардың айналымын және техникалық жай-күйін бақылауға мүмкіндік береді. Газ баллондарын пайдалану, сақтау және толтыру талаптарын бұзу ауыр зардаптарға әкеп соғуы мүмкін өрт пен жарылыс қаупін тудырады. Министрдің сөзінше, мұндай тәуекелдерді азайту үшін әкімдіктер жанындағы газ-техникалық инспекциялардың бақылауын күшейту қажет.
«Осы тәуекелдерді азайту мақсатында әкімдіктер жанындағы газ-техникалық инспекциялар газ тұтыну жүйелері мен жабдықтарын қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуын бақылауды күшейтуі керек», — деді Мұрат Мұханов.
Дереккөз: «Курсив»
Фото иллюстративное

