CaspianLife. 10 қараша. Ақтөбеде жатақхананың төртінші қабатынан құлап, ауруханада 42 күн бойы ес-түссіз жатқан 17 жастағы студент Нұрбақыт Бақыт көз жұмды. Қазір осы оқиғаға қатысты іс ашық сот отырысында қаралып жатыр.
Қайғылы жағдай биыл сәуір айында Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің жатақханасында болған. Айыптау нұсқасы бойынша, жоғары курс студенті түнде Нұрбақытты азық-түлік алуға дүкенге жұмсаған. Алайда бұл уақытта жатақхана есігі жабық болғандықтан, студенттер жасөспірімді терезеден шығаруды ұйғарған. Олар төмен түсіру үшін көрпе мен төсек жаймаларын бір-біріне байлап, қолдан арқан жасаған. Алайда ол Нұрбақыттың салмағына шыдамай, жасөспірім төртінші қабаттан құлап кеткен.
Оқиға туралы анасы таңғы сағат төртте ғана білген. Қызылорда облысындағы Арал қаласынан жеткен Гүләйім Колова ұлын ауруханада ес-түссіз жатқан жерінен көрген. Оның айтуынша, жатақхана тәрбиешілері бастапқыда жасөспірім түн ортасында өз еркімен тамақ алуға кеткенін айтқан. Алайда кейін студенттер оған оқиғаның мүлде басқа нұсқасын жеткізген.
«Олар біреуіне азық-түлік алуға баруды және терезеден түсуді бұйырғанын айтты. Менің ұлым да сол жерде болған. Олар оған: «Нұрбақыт, сен барасың» деп көрсеткен. Ұлым ештеңе демеген. Оларға: «Барасыңдар, әйтпесе бұрын істегендеріңді көрсетеміз» деп айтқан екен. Олардың бұған дейін не істегенін білмеймін», — дейді Гүләйім Колова.
Жасөспірім ауыр жарақат алып, есін жимастан қайтыс болған. Анасы ұлының өз еркімен терезеден түсуге келіспегеніне сенімді. Айыпталушы өз кінәсін мойындамайды. Оның анасы Бақытжамал Шабаева да ұлының ешқандай кінәсі жоқ екенін айтады.
«Балалар дүкенге өздері бармақ болған. Кейін Мәдиге өтініш жасаған. Балалар жолға жиналған кезде ол 2 мың теңге беріп, өзіне де бірдеңе алып келуді сұраған. Сол уақытта ол жерде болмаған, өз бөлмесіне кетіп қалған», — дейді Бақытжамал Шабаева.
Нұрбақыт Бақыт отбасындағы бес баланың ортаншысы болған. Марқұмның жақындары оның өліміне кінәлі адам заң аясында барынша қатаң жазаға тартылуын талап етеді.
Кәмшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ, Ақтөбе облысы

