CaspianLife. 10 қараша. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов жанармай бағасы күрт өскен жағдайда мемлекет араласуға дайын екенін мәлімдеді. Министр осылайша сарапшылардың 2027 жылдың соңына қарай АИ-92 маркалы бензиннің литрі 300 теңгеден, ал дизель отыны 400 теңгеден асуы мүмкін деген болжамына жауап берді.
Министр 2024 жылдың ақпанында мемлекет мұнай өнімдерінің көтерме және бөлшек саудадағы бағасын реттеуден бас тартқанын еске салды. Содан бері жанармай құны ішкі нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың арақатынасына қарай қалыптасады. Ерлан Ақкенженов 2027 жылдың соңына қарай баға қандай болатынына қатысты болжам жасаудан бас тартып, оның өзгеру бағытын алдын ала айту қиын екенін атап өтті.
Оның орнына министр еліміздегі жанармай құю бекеттеріндегі қазіргі баға айырмашылығын атады. Бүгінде АИ-92 маркалы бензиннің бір литрі 253-271 теңге аралығында сатылса, дизель отынының бағасы 356-367 теңге шамасында.
«Көріп отырғандарыңыздай, жанармай құю бекеттеріндегі баға айырмашылығы айтарлықтай. Өнімді өткізуге жұмсалатын шығындары басқаларға қарағанда төмен кейбір бекеттер жанармайды арзанырақ сатады», — деді министр.
Энергетика министрінің айтуынша, бағаның күрт өсуіне жол бермеу үшін барлық жағдай жасалған. Елде жанармай қоры жеткілікті: бензин мен дизель отынының жиынтық қоры 400 мың тоннадан асады. Отандық мұнай өңдеу зауыттары штаттық режимде жұмыс істеп тұр, ал мұнай өнімдерін өңірлерге жеткізу үздіксіз жүзеге асырылуда.
Министрдің пікірінше, қазіргі уақытта жанармайға деген дүрбелең сұранысты туғызып, бағаның күрт өсуіне себеп болатын объективті негіз жоқ. Дегенмен бағада айтарлықтай ауытқу байқалса, мемлекет оны тұрақтандыру үшін қажетті шаралардың бәрін қабылдайды, деп сендірді Ерлан Ақкенженов.

