CaspianLife. 11 қараша. Атырау бекіре балық өсіру зауыты жаңғыртылғаннан кейін жылына 5 миллионның орнына 7,4 миллион шабақ өсіруге мүмкіндік алады. Кәсіпорынды жаңарту мәселесі Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақовтың төрағалығымен өткен жиында қаралды. Өсірілген шабақтар Жайық-Каспий бассейніндегі бекіре тұқымдас балықтардың популяциясын сақтау мақсатында табиғи ортаға жіберіледі.
Жаңғырту жұмыстарын Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыс әкімдігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі бірлесіп жүргізіп жатыр. Зауытты кеңейту үшін 17 гектар жер бөлінген. Кәсіпорын «Жаңаталап» және «Еркінқала» атты екі учаскеде жұмыс істейді. Ол бұған дейін Жайық-Атырау және Атырау бекіре балық өсіру зауыттарын біріктіру нәтижесінде құрылған.
«Жаңаталап» учаскесінде жаңғыртудың бірінші кезеңі аяқталған. Қазір екінші кезеңінің жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өндірістік цехқа күрделі жөндеу жасалып, тұйық су айналымы және желдету жүйелерінің жабдықтары орнатылған. Сондай-ақ балық өсіретін бассейндер мен су қоймалары дайындалған. Бұдан бөлек, шабақтарға жем болатын ұсақ шаянтәрізділерді, яғни дафнияны өсіруге арналған 32 бассейн салынуда. Негізгі жұмыстарды 2026 жылдың қараша айының соңына дейін, ал сорғы станциясындағы жөндеу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
«Еркінқала» учаскесінде жаңғыртудың үшінші кезеңі жүзеге асырылуы тиіс. Қазір мердігер ұйымды анықтау үшін тендер өткізіліп жатыр. Жұмыстардың құны 1,5 миллиард теңгені құрайды.
Болат Ақшолақов Каспий теңізі мен оған құятын өзендерді балықтандыру өңірдің су биоресурстарын сақтауда маңызды міндет екенін атап өтті. Сондай-ақ ол «Еркінқала» учаскесіндегі жаңғырту жұмыстарының мерзімінен кешіктірілмеуін тапсырды. Бұдан бөлек, облыс әкімі шабақ өсіру көлемін арттырып, оларды жергілікті балық шаруашылықтарына беру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Бұл тауарлы бекіре өнімдерін, соның ішінде балық еті мен уылдырық өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Бекіре тұқымдас балықтарды сақтау және көбейту – Каспий маңындағы бес мемлекеттің: Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Иран және Түрікменстанның ортақ міндеті. Елдер Каспий теңізінің су биоресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану жөніндегі мемлекетаралық келісім аясында ынтымақтастық орнатқан. Бұл бағыттағы негізгі жұмыстардың бірі – бекіре тұқымдас балықтарды жасанды жолмен көбейтіп, шабақтарын табиғи ортаға жіберу.
Дереккөз: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Фото: CaspianLife.kz мұрағатынан

