CaspianLife. 12 қараша. Қазақстандағы мұнай-газ компаниялары көмірсутектерді өндіруге жұмсалатын шығындарының 1 пайызын цифрландыруға бағыттауы тиіс. Қаражат «Астана Хаб» дербес кластерлік қоры арқылы бөлінеді. Бұл тәртіп Энергетика министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірлескен бұйрығымен бекітілген.
Жер қойнауын пайдаланушылар жыл сайын алдыңғы жылы көмірсутектерді өндіруге жұмсаған шығындарының 1 пайызына дейінгі мөлшерде қаражат аударуға міндетті. Бұл міндеттеме өндіру жұмыстары басталғаннан кейінгі екінші күнтізбелік жылдан бастап күшіне енеді. Ал компанияның ағымдағы жылы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) жұмсаған қаражаты жалпы соманы есептеу кезінде ескеріледі.
Қаражатты жасанды интеллект, роботтандыру және ұшқышсыз технологиялар, кен орындарының цифрлық көшірмелерін жасау, өнеркәсіптік заттар интернеті, энергия тиімділігін арттыру, сондай-ақ бұлтты технологиялар, виртуалды және толықтырылған шындық бағыттарына жұмсауға болады. Бағыттар тізімі мұнымен шектелмейді. Қажет болған жағдайда цифрландыру саласындағы уәкілетті орган жанындағы ғылыми-техникалық кеңес қосымша бағыттарды белгілей алады.
Жаңа тетік бойынша жұмыс тәртібі мынадай: жер қойнауын пайдаланушы қорға техникалық тапсырмасы, жобаның алдын ала құны мен іске асыру жоспары көрсетілген өтінім береді. Энергетика министрлігі жанындағы ғылыми-техникалық кеңес өтінімді бір айға дейін қарайды. Одан кейін қорға сараптама жүргізуге тағы бір айға дейін уақыт беріледі. Қорытынды оң болған жағдайда қор екі айдан кешіктірмей мердігерді таңдау үшін конкурс өткізеді. Конкурсқа тек «Астана Хаб» инновациялық кластерінің қатысушылары ғана қатыса алады. Жеңімпазды министрліктер мен жер қойнауын пайдаланушы өкілдері кіретін комиссия анықтайды. Бұдан кейін тараптар үшжақты келісімшарт жасасады. Ал орындалған жұмыстың нәтижесін жер қойнауын пайдаланушы қабылдайды.
Бір жобаны бірнеше компания бірлесіп қаржыландыра алады. Сонымен қатар жобаны іске асыру мерзімін қатарынан үш жылға дейін ұзартуға рұқсат етіледі. Қор түскен қаражаттың 3 пайызынан аспайтын бөлігін әкімшілік шығындарға және уәкілетті органның цифрландыру жобаларына жұмсай алады.
Егер қаражат үш жыл ішінде игерілмесе, ол жер қойнауын пайдалану саласындағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру үшін республикалық бюджетке аударылады. Келісімшарт мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда қалған қаражатқа да осындай тәртіп қолданылады. Міндеттемелердің орындалуын бақылау Энергетика министрлігіне жүктелген. Ал қор жыл сайын 30 қаңтарға дейін түскен қаражат, іске асырылған жобалар, жасалған келісімшарттар мен қалған қаржы туралы есеп беруге міндетті.
Бұған дейін жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты 2020 жылғы 30 қазандағы бұйрық қолданыста болған. Ол бойынша компаниялар мердігерлерді сатып алу рәсімдері арқылы өздері таңдайтын. Кластерлік қор арқылы қаржыландыру тетігі елімізде бұған дейін де қолданылған. Атап айтқанда, бұл бағытта Tech Garden алаңы жұмыс істеген.
«Курсив» басылымының мәліметінше, 2025 жылы мұнай-газ компаниялары ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға 10,1 миллиард теңге бағыттаған. Ал Энергетика министрлігінің дерегіне сәйкес, 2026 жылдың шілдесінде Қазақстанда көмірсутектер саласында жер қойнауын пайдалануға арналған 317 келісімшарт қолданыста болған. Бұл салада 215 компания тіркелген.
Дереккөз: «Курсив»
Фото: caspianbarrel.org

