CaspianLife. 13 қараша. Құрылтай депутаты Алмас Мұхаметов Үкіметке аграрлық ғылымды Ғылым және жоғары білім министрлігінің қарамағына беруді ұсынды. Сондай-ақ ол ғылыми гранттар санын көбейтіп, конкурстарды белгіленген мерзімде өткізуді, жас ғалымдарға жеңілдетілген ипотека беруді және «Болашақ» пен «Дипломмен – ауылға!» бағдарламаларының шарттарын қайта қарауды талап етті.
Депутаттың айтуынша, бұған дейін бірыңғай ғылыми жүйеден үш аграрлық университет пен 31 ұйым шығарылып, Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағына берілген. Қазір олардың жұмысын небәрі жеті қызметкерден тұратын департамент үйлестіреді.
«Бірыңғай жүйенің ажырамас бөлігі саналатын аграрлық ғылымның тағдыры жеті адамның қолында қалып отыр. Мұны ақылға сыйдыру қиын. Біз Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын барлық еншілес ұйымдарымен бірге Ғылым және жоғары білім министрлігінің қарамағына беруді ұсынамыз. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі саланың нақты қандай ғылыми әзірлемелерге мұқтаж екенін айқындаумен айналысуы керек», – деді Алмас Мұхаметов.
Депутат ғылыми жобалар конкурстарының өткізілу мерзіміне де назар аударды. Оның сөзінше, конкурстар жыл сайын кеш жарияланады. Соның салдарынан қаржыландыру уақытылы бөлінбейді. Нәтижесінде зерттеу жұмыстары тоқтап, табыссыз қалған жас ғалымдар басқа салаға ауысуға мәжбүр болады.
«Ғылыми жобалар конкурстары іс жүзінде жыл сайын кеш жарияланады. Қаржыландырудың уақытылы түспеуіне байланысты зерттеу жұмыстары тоқтап, табыссыз қалған жас ғалымдар басқа салаларға кетуге мәжбүр. 2025 жылы еліміздегі зерттеушілер саны 6 мың адамға азайды. Бұл – алаңдатарлық жағдай», – деп атап өтті депутат.
Әлеуметтік қолдау мәселесі де өзекті. Депутаттың мәліметінше, еліміздегі 14 мыңға жуық жас зерттеушінің соңғы төрт жылда тек 800-і ғана жеңілдетілген ипотека алған. Аграрлық ғылыми-зерттеу институттарының басым бөлігі жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде тіркелген. Сондықтан олардың қызметкерлері «Отбасы банкінің» жеңілдетілген бағдарламаларына қатыса алмайды.
Бұдан бөлек, қаржыландырудың үнемі кешігуіне байланысты ғалымдардың еңбек өтілінде үзіліс болып, зейнетақы жарналары уақытша аударылмай қалады. Ал «Болашақ» бағдарламасы мұндай үзілістерге жол бермейді. Ауылға барған мұғалімдер мен дәрігерлерге мемлекет баспана алуға қолдау көрсетсе, ауылдық тәжірибе станцияларына жұмысқа орналасқан жас ғалымдарға мұндай көмек қарастырылмаған.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана
Фото: smartnews.kz

