Еліміздің ең ірі мұнай компанияларының бірі – «Теңізшевройл» биыл алғаш рет келесі жылға арналған егжей-тегжейлі сатып алу жоспарын ашық түрде жариялады. Бұл – қазақстандық мұнай сервисі үшін маңызды оқиға.
Мұның бәрі компания басшылығы, облыс әкімдігі және «Petrocouncil» басшылығы арасындағы келіссөздердің нәтижесінде жүзеге асырылды. Еске салсақ, бұған дейінгі алғашқы қадам осы жылдың қаңтарында жасалған еді. Ол кезде компания өнімдердің атауын, атқарылатын жұмыстар мен қызметтер туралы мәліметті толық көрсетпеді. Бірақ отандық кәсіпкерлерге ірі мұнай-газ операторы үшін қандай маңызды қызмет түрлері қажет болатындығы туралы түсінік берген.
Ал бұл жолы 2021 жылға және 2022 жылдың І тоқсанына арналған жоспар толықтай жарияланды. Келісім-шарттардың көбі COVID-19-ға байланысты шығындарды азайтып, адами ресурстарды тиімді пайдалану мақсатында ұзартылды.
Асылбек ЖӘКИЕВ, «Petrocouncil» төрағасы
Бұл – үлкен жетістік. Жұмыстың жалпы сипаты, бөлінетін мерзім мен қаржы мөлшері, яғни, сатып алудың егжей-тегжейлі жоспары жарияланды. Жыл басында «Petrocouncil» «Теңізшевройлдан» сатып алу жоспарын жариялауды сұраған еді, бірақ құжатта бюджет нақты көрсетілмеді. Содан кейін «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг», «НКОК» және «TotalDunga-ның» сатып алу жоспарларын негізге ала отырып, «Теңізшевройлмен» келіссөздер жүргізілді. Біз өз кезегімізде компания басшылығына ашықтығы үшін зор алғыс білдіреміз.