CaspianLife. 2 қазан. Ақтөбеде есірткі сататын интернет-дүкеннің төлемдерін қабылдап, ақша аударумен айналысқан қылмыстық топ әшкереленді. Заңсыз әрекетті Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті анықтады.
Тергеу мәліметінше, Ақтөбе қаласының тұрғыны әлеуметтік желілерде ақша айырбастау тобын құрып, оған жеті сыбайласын тартқан. Топ мүшелері міндеттерін бөлісіп, күндізгі және түнгі ауысыммен кезекшілік атқарған. Осылайша, тәулік бойы ақша қабылдап, аударып отырған.
Есірткі сататын интернет-дүкеннің операторлары сатып алушыларды төлем жасау үшін осы топқа бағыттаған. Төлем расталғаннан кейін клиенттерге есірткі жасырылған орындардың координаттары жіберілген.
«Қаржылық топ күн сайын 50-ден 70-ке дейін операция жүргізген. Төлемдерді қабылдау үшін өзге адамдардың атына рәсімделген 22 банк картасы, яғни дропперлердің карталары пайдаланылған. Түскен қаражат криптовалютаға айырбасталып, есірткі бизнесін ұйымдастырушылардың криптоәмияндарына аударылған», – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.
Тергеу деректеріне сәйкес, операциялардың жалпы көлемі 400 млн теңгеден асқан. Топты ұйымдастырды деген күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Камшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ, Ақтөбе облысы

