CaspianLife. 30 қазан. Маңғыстау облысында кәсіпорынның 101 қызметкеріне 41 миллион теңгеден астам жалақы берешегі толық көлемде төленді. Жұмысшылар биылғы мамыр және маусым айларындағы еңбекақыларын уақытында ала алмаған соң, облыстық еңбек инспекциясына шағымданған. Өтініш негізінде мамандар кәсіпорында жоспардан тыс тексеру жүргізіп, еңбек заңнамасының бұзылғанын анықтады.
«Ақтау қаласындағы “Машина жасау кешені” ЖШС-нің 101 қызметкері алдында 41 миллион 845 мың теңге көлемінде жалақы берешегі қалыптасқаны анықталды. Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты ұйым басшысына заңсыз әрекеттерді тоқтату және 101 қызметкердің әрқайсысы алдындағы берешекті өтеу туралы 101 нұсқама берілді», – деп хабарлады Маңғыстау облыстық еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Ақгүл Аманшаева.
Жұмыс беруші еңбек инспекциясы белгілеген 10 күн ішінде қызметкерлермен толық есеп айырысқан. Бұдан бөлек, еңбек заңнамасын бұзғаны үшін кәсіпорынға 80 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Айыппұл мемлекет кірісіне өндірілді.
Мариям БЕРІКҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы

