CaspianLife. 2 қазан. Жанайдар Жандельдинов «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» (KPI) ЖШС-нің бас директоры болып тағайындалды. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа басшыны ұжымға «ҚазМұнайГаз» компаниясының мұнай өңдеу және мұнай-химия департаментінің директоры Саятай Алипбаев таныстырды. Жанайдар Жандельдиновке зауыттың тұрақты әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, өндірістік тиімділікті арттыру, технологиялық үдерістердің сенімділігін күшейту және шығарылатын өнімнің сапасын жақсарту міндеттері жүктелді.
2008 жылы Жандельдинов С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «Органикалық заттар мен материалдардың химиялық технологиясы» мамандығы бойынша тәмамдаған. Ал 2010 жылы осы мамандық бойынша магистр дәрежесін алған. Оның мұнай өңдеу саласында халықаралық тәжірибесі бар және «ҚазМұнайГаз» жүйесінде түрлі лауазымдарда қызмет атқарған.
Еңбек жолын 2008 жылы «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-де технологиялық қондырғылар операторы болып бастаған. Кейін кәсіпорында жаңа техника мен технологияларды енгізу жөніндегі инженер, жетекші инженер-технолог қызметтерін атқарған.
2014 жылдан бастап KMG International жүйесінде еңбек етті. Ол жобалаушы-инженер, инжиниринг бөлімінің бастығы, Румыниядағы KMG Rompetrol SRL компаниясының «Петромидия» мұнай өңдеу зауытында өндіріс жөніндегі директор және бас директордың орынбасары қызметтерін атқарған.
Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін KMG Rompetrol SRL компаниясында өндіріс және өнеркәсіптік қызметтер жөніндегі бас директор лауазымында жұмыс істеген.
Дереккөз: «ҚазМұнайГаз» баспасөз қызметі

