CaspianLife. 30 қазан. Биылғы сегіз айда Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы 19,2 пайызға өсіп, 1,7 млрд долларға жетті. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 2,3 млрд доллар болған. Бұл мәліметтер Бішкекте өткен Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Үкіметаралық кеңестің XIV отырысында айтылды.
Екі ел үкіметтерінің өкілдері экономикалық әріптестікті нығайту мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, агроөнеркәсіп кешені, су шаруашылығы, көлік және транзит, ғарыш саласы, авиация мен цифрландыру мәселелеріне назар аударылды. Тараптар сауда көлемін арттыруға және шекара маңындағы ынтымақтастықты жандандыруға басымдық беріп отыр.
«Қырғызстан – біз үшін жай ғана тату көрші әрі бауырлас мемлекет емес, сонымен қатар маңызды сауда-экономикалық серіктес. Өзара сауда көлемі жыл сайын артып келеді. Енді осы әлеуетті толық пайдаланып, бірлескен жобалардың санын көбейту қажет. Әсіресе шекарадағы индустриялық-сауда-логистикалық кешеннің толыққанды жұмысын жолға қою маңызды. Бұл екі ел кәсіпкерлеріне жаңа мүмкіндіктер ашып, тауар тасымалын жеңілдетеді және сауда көлемін арттырады», – деді Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов.
Кешенді өзара тиімді әрі бәсекеге қабілетті жобалармен толықтыру жоспарланып отыр. Бұл бастама өңіраралық байланыстарды нығайтып, екі ел экономикасының дамуына серпін береді.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстан Қырғызстанға азық-түлік, химия, мұнай-химия және металлургия өнеркәсібі өнімдерінің жеткізілімін арттыруға дайын екенін мәлімдеді.
«Қосымша экспорттық әлеует 331 млн долларға бағаланып отыр. Басты мақсат – 2030 жылға қарай өзара тауар айналымын 3 млрд долларға жеткізу. Осы мақсатта сауданы кеңейту және өнеркәсіптік кооперацияны дамыту жөніндегі Жол картасы жүзеге асырылып жатыр», – деді ол.
Екі ел арасындағы маңызды бірлескен жобалардың бірі – шекарада орналасқан «Алатау» индустриялық-сауда-логистикалық кешені. Қазақстан тарапы оған 165 гектар жер бөлді. Қазір қажетті инфрақұрылым тартылып жатыр. Бүгінде 16 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылған. Кешен сауда, логистика және бірлескен өндіріс саласындағы маңызды орталыққа айналады деп жоспарланып отыр.
Әселім ҚАЛКЕН, Бішкек
Фото: primeminister.kz

