CaspianLife. 2 қазан. Қазақстанда мәслихат депутаттарын сайлау науқаны басталды. Дауыс беру 29 қарашада өтеді. Оның қорытындысы бойынша жергілікті өкілді органдардың жаңа құрамы жасақталады. Орталық сайлау комиссиясының отырысында хабарланғандай, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары 1 қараша күні сағат 18:00-де басталып, 27 қараша күні сағат 00:00-де аяқталады.
28 қараша – тыныштық күні. Бұл күні сайлауалды үгіт-насихаттың барлық түріне толық тыйым салынады.
«Дауыс беруге бір күн қалғанда, яғни 28 қарашада тыныштық күні жарияланады. Бұл күні сайлауалды үгіт жүргізуге тыйым салынады. Заңнамаға сәйкес, дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді фотоға немесе бейнежазбаға түсіріп, кейін оны таратуға да болмайды», – деп еске салды Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндік.
Сондай-ақ дауыс беруге бес күн қалғанда және сайлау күні әлеуметтік сауалнама нәтижелері мен сайлау қорытындысына қатысты болжамдарды жариялауға шектеу қойылады.
Тіркеу қорытындысы бойынша сайлауға қатысуға 10 971 адамға рұқсат берілген. Оның ішінде 9 752 кандидат бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша тіркелген. Яғни, әрбір депутаттық мандатқа орта есеппен үш үміткерден таласады.
20 өңірде саяси партиялардың 99 партиялық тізімі тіркеліп, оған 1 219 кандидат енгізілген.
«Заң талаптарына сәйкес, әйелдер мен жастардың үлесі сақталды. Олардың жалпы саны 43,2 пайызды немесе 527 адамды құрады», – деді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманақұмов.
Отырыс барысында жеребе тарту арқылы сайлау бюллетеньдеріндегі партиялардың орналасу реті де анықталды. Бірінші болып «Ауыл» партиясы, одан кейін Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП), Қазақстан Халық партиясы, Respublica, «Ақ жол», «Байтақ» және «Әділет» партиясы орналасады.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана
Фото: informburo.kz

