Соңғы уақытта психологиялық тұрғыда дайын болмауы себепті емізуден бас тартатын ана көбейіп келеді. Алайда мамандар мұның сәбидің иммунитетіне зиян келтіретінін айтады. Себебі, ана сүті – ең дұрыс, әрі пайдалы тағам.
Жалпы, дүкен сөрелерінде ана сүтін алмастыратын өнімдердің самсап тұратынына сенген кей аналар емізуден бас тартып жатады. Осыған байланысты жүкті келіншектердің қатысуымен Махамбет аудандық орталық ауруханасында «Ана сүтінің маңызы» тақырыбында түсіндірме жұмысы өтті. Шарада емізудің ережелері, артықшылықтары мен кей тұстағы қиындықтар туралы сөз қозғалып, кенестер берілді.
Бақтылы МОЛДАШЕВА, СӨСҚО Махамбет ауданындағы үйлестірушісі
Бүгінгі шарамыздың негізгі мақсаты – жас аналарға балаларын дұрыс қоректендіруге үйрету. Уызына жарымаған баланың көптігі көңілге кірбің салады. Сондықтан мүмкіндігінше сәбилерді ана сүтімен қоректендіруге үгіттеп жатырмыз.
Педиатр Айгерім Сабырова жас аналардың дене қалыбын бұзбау мақсатында өз баласын емізуден бас тартатынын айтады. Маман сәбиді екі жасқа дейін емізуге кеңес береді. Екі жасқа дейін емген баланың бойында вирусқа қарсы антидене қалыптасады. Ал перзентін тек қосымша тағаммен өсірген ана дәрігер көмегіне жиі жүгінеді. Сондықтан баланың денсаулығы мығым болуы үшін табиғи жолдан бас тартпаған жөн.