CaspianLife. 13 қараша. Ақтөбе қаласының орталығындағы дәмханалардың бірінде жарылыс болып, екі адам зардап шекті. Алдын ала болжам бойынша, ғимарат ішінде газ жиналып, соның салдарынан жарылыс болуы мүмкін. Оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 292-бабының 2-бөлігі, яғни «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Тамақтану орны Тәуелсіздік даңғылы бойындағы бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан. Төтенше жағдай қызметтері оқиға орнына жедел жетіп, өртті сөндірді. Қазір оқиғаның нақты себептері мен келтірілген материалдық шығын көлемі анықталып жатыр.
Жарылыстың күші соншалық, дәмхананың қабырғалары опырылып, оған іргелес орналасқан құрылыстар да зақымданған. Жақын маңдағы тұрғын үйлердің терезелері сынған. Көшеде тұрған бірнеше автокөлікке де зақым келген. Тіпті сол сәтте жол үстімен өтіп бара жатқан қоғамдық көліктің әйнектерінде де жарықтар пайда болған.
Оқиғаның куәгері – осы үйдің тұрғыны Жанболат Тайшыбаев. Оның айтуынша, ол пәтеріне кіргеннен кейін арада бір минут өтпей жатып жарылыс болған.
«Үйге кіргеніме бір минут өтпей жатып, қатты жарылыс болды. Дәмханадан тараған соққы толқыны мені жерге құлатты. Мүгедектігі бар әйелім сол кезде диванда отырған еді, жарылыс толқыны оны бір жаққа лақтырып жіберді. Кіші ұлым да құлап қалды. Есімізді жиған соң, сыртқа шығуға тырыстық. Түтінге тұншықтық. Біз екінші қабатта тұрамыз, сондықтан соққы толқыны бізге барынша қатты әсер етті. Пәтеріміз түгелдей қирап, тұруға жарамсыз болып қалды. Бақытымызға қарай, өрт одан әрі тараған жоқ», – деді Жанболат Тайшыбаев.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 19 жастағы жігіт жансақтау бөлімінде жатыр. Ал 36 жастағы әйел политравма бөлімінде ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер екі науқастың да жағдайы тұрақты екенін, өміріне қауіп төніп тұрмағанын хабарлады.
Оқиға орнына Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет те барды. Ол алдағы атқарылатын жұмыстар мен зардап шеккен үй тұрғындарына көрсетілетін көмек туралы айтты.
«Төтенше жағдайлар департаменті тергеу жұмыстарын аяқтағаннан кейін тиісті шешімдер қабылданады. Қазір екі адам зардап шекті. Әңгімелесу барысында кейбір тұрғындар уақытша көршілері мен туыстарының үйіне орналасатынын айтты. Әрине, біз де өз тарапымыздан көмек ұсынамыз. Ең алдымен кінәлі тұлғалар анықталады. Кінәлі тарап белгілі болған соң, мәселе толық көлемде шешіледі», – деді Азамат Бекет.
Кәмшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ, Ақтөбе облысы
Фото: 24.kz

