ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында ауыл әкімдерін сайлау туралы да пікір білдірді.
– Жалпы, алдағы саяси реформалар халықтың басқару жүйесіне белсене араласуына бағытталуы тиіс. Қазіргі сауалнамалар көрсетіп отырғандай, қоғам ауыл әкімдерінің сайланғанын қалайды, – деді Тоқаев парламент палаталарының бірлесекен отырысында.
Осы орайда президент ауыл әкімдерін сайлау жүйесін толығымен зерделеп шығу қажеттігін жеткізді.
– Бұл – маңызды қадам. Оған жан-жақты дайындалу қажет және біртіндеп іске асыру керек. Біз осы жүйенің қалай жұмыс істейтінін анық білуіміз керек және бұл мәселені кейінге қалдыруға болмайды. Келесі жылы бірқатар ауыл әкімінің құзіреті аяқталады. Меніңше, ауыл әкімдерінің сайлауын өткізу керек, – деп түйіндеді мемлекет басшысы.