CaspianLife. 14 қазан. Атырау облысында 29 қарашада өтетін мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық басталды. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының алғашқы отырысында сайлау науқанының негізгі жоспары бекітілді.
Кандидаттарды ұсыну 14 қазанда басталды және 27 қазан күні сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Кандидаттарды тіркеу 1 қараша күні сағат 18:00-де аяқталады. Одан кейін сайлау алдындағы үгіт-насихат кезеңі басталып, 28 қарашаға қараған түні сағат 00:00-де аяқталады. Ал 28 қараша сайлау алдындағы тыныштық күні болып жарияланды.
Жалпы, өңірде мәслихат депутаттарының 140 орны бөлінеді. Оның 30-ы облыстық мәслихатқа, 25-і қалалық мәслихатқа тиесілі. Қалған 85 орын жеті ауданның мәслихаттары арасында бөлінеді.
Облыстық мәслихат депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша сайланады. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әсия Қистаубаеваның түсіндіруінше, депутаттардың 50 пайызы партиялық тізім бойынша, қалған 50 пайызы бірмандатты сайлау округтері арқылы сайланады. Яғни, 15 депутат партиялық тізіммен, тағы 15 депутат бірмандатты округтерден сайланады.
«Бұл сайлаудың ерекшелігі – облыстық мәслихаттың аралас жүйе бойынша жасақталуы. Депутаттардың 50 пайызы партиялық тізіммен, ал қалған 50 пайызы бірмандатты округтер арқылы сайланады. Бірмандатты округтер бойынша кандидаттарды саяси партиялар мен басқа да қоғамдық бірлестіктер ұсына алады. Сондай-ақ өзін-өзі ұсынған азаматтар да сайлауға қатыса алады», – деді Әсия Қистаубаева.
Округтік сайлау комиссиялары азаматтарды күн сайын сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін түскі үзіліссіз қабылдайды.
Сайлауды өткізуге 9 аумақтық, 87 округтік және 278 учаскелік сайлау комиссиясы қатысады. Олардың құрамында 2 500-ден астам адам бар.
Нурбиби ТЕМИРТАСОВА, Атырау

