CaspianLife, 26 қараша. Атырау облысында ҰҚК, ІІМ және прокуратура қызметкерлерінің атынан жасалған 803 жалған куәлік анықталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қарапайым көлікті тоқтату нәтижесінде жалған қызметтік куәліктерді дайындау және сату арнасы әшкереленді. Полиция қызметкерлері жалған құжаттар мен оларды жасауға пайдаланылған жабдықтарды тәркіледі.
Оқиға 23 қарашада басталған. Полиция қызметкерлері ішінде төрт ер адам отырған Lexus 470 көлігін тоқтатқан. Көлікті тексеру кезінде тапанша макетіне ұқсас зат пен ҰҚК қызметкерінің куәлігі табылған. Тексеру барысында құжаттың жалған екені анықталды.
Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде полиция жалған құжаттарды дайындады деген күдікке ілінген адамды анықтады. ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбектің мәліметінше, ол – Атырау облысының 39 жастағы тұрғыны.
Оның үйін тінту кезінде түрлі мемлекеттік органдардың атынан жасалған 803 жалған куәлік табылған. Оның ішінде:
606 – ҰҚК;
95 – ІІМ;
47 – Мемлекеттік кірістер органдары;
46 – прокуратура;
9 – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет атынан жасалған куәліктер.
Сонымен қатар 367 ҰҚК эмблемасы, мөр, компьютерлік техника, принтер, қатқыл диск және құжаттарды дайындауға пайдаланылған болуы мүмкін өзге де заттар тәркіленді.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті жалған куәліктерді дайындап қана қоймай, оларды сатумен де айналысқан. Тоқтатылған көліктегі ер адамдардың бірі одан осындай куәліктерді сатып алғаны анықталған.
«Қазіргі уақытта полиция құқыққа қайшы әрекеттердің барлық мән-жайын, ықтимал сыбайластарды және жалған куәліктерді сатып алған адамдарды анықтап жатыр. Полицияның уақтылы әрі жүйелі әрекеттерінің арқасында қылмыс жасау мақсатында пайдаланылуы мүмкін жүздеген жалған куәліктің таралуына жол берілмеді. Жедел-тергеу шаралары жалғасуда», – деді Шұғыла Тұрлыбек.

