CaspianLife, 27 қараша. Ақтөбе қаласындағы №1 көпбейінді аурухананың оттегі қоймасында болған өрт кезінде ауыр жарақат алған жұмысшы қайтыс болды. Марқұмның туыстары қайғылы оқиғаның мән-жайын толық әрі әділ тергеуді талап етіп отыр.
Туыстарының айтуынша, өрт 14 қараша күні таңғы сағат 7 шамасында болған. Алайда Жандарбек Сатыбалдиевтің зардап шеккені туралы отбасыға тек екі сағаттан кейін хабарланған. Жұмысшы денесінің 95 пайызын күйік шалған. Марқұмның жақындары оны басқа медициналық мекемеге ауыстыру туралы шешім не себепті оқиғадан кейін үш сағат өткен соң ғана қабылданғанын білгісі келеді.
«Неліктен болған жағдай туралы отбасымызға екі сағаттан кейін ғана хабарлады? Ауруханадан ауыстыру туралы шешім неге үш сағаттан соң қабылданды? Ол үшін не қажет болды? Әкемді мұнда не үшін ұстады? Жауап алу үшін бе? Өлім аузында жатқан әкемді дәрігерлер неге фото және видеоға түсіріп, азаптады? Бұл біздің отбасымыз үшін үлкен қайғы. Сондықтан құқық қорғау органдарынан істі әділ тергеп, кінәлілерді жауапқа тартуды сұраймын», – деді марқұмның ұлы Қазбек Сатыбалдиев.
Оның айтуынша, әкесі ауруханада дәнекерлеуші болып шамамен 10 жыл жұмыс істеген. Ол оттегі жабдықтарын жалғап, оттегінің үздіксіз берілуін қадағалаған. Аурухана әкімшілігінің мәліметінше, өрт техникалық бөлімдегі оттегі сақтайтын учаскеде шыққан.
Аурухана басшылығы науқасты видеоға түсіру және одан жауап алу туралы айыптауларды жоққа шығарды.
«Науқас ауруханаға сағат 7:40-та түсті. Жансақтау бөліміне жеткізілген бойда оған қажетті дәрі-дәрмектік және инфузиялық ем жүргізіле бастады. Бір-екі сағаттан кейін оны басқа медициналық мекемеге ауыстыру туралы шешім қабылданды. Ал видеоға түсіру мен жауап алу мәселесіне келсек, бұл туралы маған ештеңе белгісіз. Біз мұндай әрекеттер жасаған жоқпыз. Бәлкім, видеоны тергеу органы түсірген шығар. Біздің тәжірибемізде мұндай жағдай қарастырылмаған. Біз науқастарға тек шағымдарына қатысты сұрақтар қоямыз», – деп түсіндірді №1 көпбейінді аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Азамат Тұрушев.
Оқиғаға байланысты өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар мемлекеттік еңбек инспекциясы да тексеру жүргізіп жатыр.
«Инспекция Төтенше жағдайлар департаментіне сұрау жолдады. Қазір қорытындыны күтіп отырмыз. Одан кейін оқиға куәгерлерінен жауап алынып, барлық құжат зерттеледі. Әзірге қатысушылардың әрқайсысының кінә дәрежесін нақты анықтай алмаймыз. Алдымен қорытындыны қоса алғанда, барлық материал мұқият қаралады. Содан кейін комиссия нақты шешім қабылдайды», – деді Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің бас маманы Еркебұлан Омар.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. Марқұмның туыстары істің әділ қаралуын талап етуде. Аурухана әкімшілігінің мәліметінше, оттегі станциясы қазір штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Өрттің нақты себебі тергеу қорытындысы бойынша белгілі болады.
Қамшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ, Ақтөбе облысы
Фото: aktobetimes.kz

