Енді алкоголь мен темекі өнімдерін кәмелет жастан асқаныңыз анық байқалып тұрса да, жеке куәлікті көрсету арқылы ғана аласыз. Жаңа ереже Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексте көрсетілген. Заң бұзылған жағдайда 40 мыңнан 280 мың теңгеге дейін айыппұл салынады.
Салтанат РАХИМОВА, заңгер:
– Енді қазір сатушылар тұтынушының жасын түріне болжап білуге тиісті емес. Құжат талап етуге міндетті. Заң қашанда орындалуымен құнды. Жалпы, өз басым бұл ережені қолдаймын. Өзгеріс 21 жасқа толмаған жастарымыздың арақ ішу, темекі тарту сияқты жаман қылықтардан бойын аулақ ұстауына көмектеседі деп ойлаймын.
Тағы бір жаңашылдық – темекі қораптарын дүкен сөрелеріне қоюға тыйым салынады. Тіпті, суреттері де көрсетілмеуі тиіс. Бұл ереже келесі жылдан бастап өз күшіне енбек. Қалай болғанда да, елдегі зиянды өнімдердің сатылымына байланысты тәртіп біртіндеп қатаңдап келеді. Ал оларды жиі тұтынатындардың жыл сайынғы шектеулерге көнуден басқа амалдары жоқ.