CaspianLife. 19 қараша. Атырау облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру барысында 132,3 млн теңгенің заңбұзушылығы анықталды. Оның 46,7 млн теңгесі қаржылық заңбұзушылықтарға, ал 85,5 млн теңгесі бюджетті тиімсіз жоспарлауға қатысты. Мұндай мәліметтер мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша жарияланды.
Тексеру нәтижесінде ауылдарда салынуы жоспарланған 18 медициналық нысанның екеуі әлі күнге дейін аяқталмағаны белгілі болды. Атап айтқанда, Қызылқоға ауданындағы Жамансор және Жантерек ауылдарында медициналық пункттер белгіленген мерзімде пайдалануға берілмеген. Бұдан бөлек, Құрманғазы аудандық ауруханасында магниттік-резонанстық томография (МРТ) аппаратына арналған қосымша ғимараттың құрылысы да уақытында аяқталмаған.
Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Болат Анжановтың айтуынша, құрылыс басқармасы мен мердігер ұйым арасындағы келісімшарт 2025 жылы жасалып, сол жылы құрылыс-монтаж жұмыстары басталған. Алайда аудит жүргізілген кезде нысан әлі дайын болмаған. Мердігер өз міндеттемелерін белгіленген мерзімде орындамағандықтан, қазір келісімшартты бұзу рәсімі жүргізіліп жатыр. Құрылыстың созылуы томографты орнату мерзімін де кейінге шегеріп, ауыл тұрғындарының қажетті медициналық көмекке қол жеткізуін шектеп отыр.
Ұлттық жобаның тағы бір мақсаты – қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімді 2021 жылмен салыстырғанда 20%-ға төмендету болған. Алайда бұл көрсеткішке қол жеткізілмеген. Егер 2021 жылы мұндай аурулардан әр 100 мың тұрғынға шаққанда 862 адам қайтыс болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 747-ге дейін төмендеген. Жоспар бойынша өлім-жітім деңгейі 689,6-дан аспауы тиіс еді.
Тексеру комиссиясы өлім-жітім көрсеткішінің жоспарлы деңгейге жетпеуіне медициналық кадрлардың тапшылығы, тұрғындардың өз бетінше емделуге бейімділігі, экологиялық факторлар және басқа да себептер әсер еткенін айтады.
Нұрбибі ТЕМІРТАСОВА, Атырау

