CaspianLife. 18 қараша. Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне тыйым салу және 5 мыңнан астам жазылушысы бар аккаунттарды міндетті түрде сәйкестендіру ұсынылды. Бұл нормалар Құрылтайдың бірінші оқылымда мақұлдауынан өткен «Онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» екі заң жобасында қарастырылған. Құжаттар онлайн-платформалардың жауапкершілігін күшейтуге, балаларды зиянды контенттен қорғауға және цифрлық кеңістікте азаматтардың құқықтарын сақтауға бағытталған.
Ең көп талқыланған мәселенің бірі – аккаунттарды сәйкестендіру талабы. Құрылтай депутаты Айдос Сарым бұл норманың ауқымына назар аударды. Оның айтуынша, жалған ақпарат тарататындар мен кибербуллингке қатысы бар адамдарды анықтау оңай емес. Олар көбіне ірі анонимді арналардың тасасында жасырынады. Алайда ұсынылып отырған талап жазылушылар саны 5 мыңнан асатын барлық парақшаға қатысты. Сондықтан бұл мәселеде нақты шектеулер мен талаптарды айқындау маңызды.
Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев жаңа талап тек анонимді аккаунттарға қатысты екенін түсіндірді.
«Әңгіме 5 мыңнан астам жазылушысы бар анонимді аккаунттар туралы болып отыр. Өткен жылдың өзінде осы заң жобасын әзірлеу барысында біз заңға қайшы келетін 120 мыңнан астам контентті анықтадық. Оның 20 пайыздан астамы дәл осындай ірі анонимді парақшаларға тиесілі болды. Мемлекет үшін басты мәселе – анонимділік», – деді Арман Қырықбаев.
Бұдан бөлек, шетелдік онлайн-платформаларға Қазақстанда ресми өкілдік ашу міндеті жүктелуі мүмкін. Заң жобаларында онлайн-кинотеатрлардың қызметін құқықтық реттеу және аудиовизуалды сервистер арқылы телеарналарды қайта таратуға лицензия беру мәселелері де қамтылған. Тағы бір өзгеріс бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты. Мемлекеттік органдардың ресми жауаптарын арнайы белгімен жариялау ұсынылып отыр.
Сондай-ақ құжаттарда мемлекеттік қызметшілердің фото және бейнежазбаларын олардың келісімінсіз жариялауға шектеу қою мәселесі қарастырылған. Алайда министр бұл талап барлық түсірілімге қатысты емес екенін нақтылады.
«Әңгіме тек жеке өмірге қатысты түсірілімдер туралы болып отыр. Егер фото Құрылтайдағы отырыста, кеңесте немесе кез келген ресми іс-шарада түсірілсе, оны жариялауға тыйым салуға болмайды. Жеке өмір мен қызметтік міндеттерді атқару барысын нақты ажырату қажет», – деді Арман Қырықбаев.
Сонымен қатар түзетулер әлеуметтік желілерде жала жабу және балағат сөздер қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізуді көздейді. Егер адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін мәліметтердің жалған екені анықталса, теріске шығару бастапқы ақпарат жарияланған сол платформада орналастырылуы тиіс.
Жалпы, бұл шаралар заңға қайшы контенттің көлемін азайтуға, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқықтарын қорғауға бағытталған. Заң жобалары қабылданған жағдайда, жаңа талаптар барлық онлайн-платформалар үшін міндетті болады.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана
Фото: timeweb.com

