CaspianLife. 19 қараша. Каспий итбалықтарының саны азайып, өмір сүру ұзақтығы күрт қысқарып барады. Бұрын бұл теңіз сүтқоректілері 50 жылға дейін өмір сүрсе, қазір 30 жасқа да жетпей қырылып жатыр. Бұл туралы Ақтауда өткен «Көрінбейтін әлем: су астындағы қала» атты фотокөрмеде Гидробиология және экология институтының ғылыми қызметкері Әсел Баймұқанова мәлімдеді.
Ғалымдар зерттеу барысында өлген итбалықтардың ішкі мүшелерінен патологиялық өзгерістер анықтаған. Сондай-ақ жануарлардың асқазаны мен тіндерінен сынап пен микропластик табылған.
«Итбалықтардың өмір сүру жасының қысқарып бара жатқанын да байқап отырмыз. Бұрын олардың ең жоғары жасы 50 жылға дейін жетсе, қазір 30 жастан асқан итбалықтар өте сирек кездеседі. Сонымен қатар олардың көпшілігі жыныстық жетілу жасына, яғни 6 жасқа да жетпей өледі. Жас кезінде қырылуы жануарлардың көбеюіне кері әсер етуі мүмкін», – деді Әсел Баймұқанова.
Мамандардың айтуынша, теңіз деңгейінің төмендеуі салдарынан итбалықтар мекендеген аралдар құрлықпен жалғасып кеткен. Соның салдарынан жануарлар шектеулі аумақтарға шоғырлануға мәжбүр. Бұл жұқпалы аурулардың таралу қаупін арттырады.
Ақтауда ұйымдастырылған фотокөрме осы мәселеге қоғам назарын аударуды мақсат етеді. Бұған дейін Алматы мен Астанада да ұсынылған көрме Каспий экожүйесі мен Дүниежүзілік мұхит арасындағы тығыз байланысты көрсетеді.
Көрмені ұйымдастырушы Марал Рахымжанованың айтуынша, Қазақстанда маржан рифтері болмаса да, елдегі көлдер, өзендер мен су маңын мекендейтін құстар және басқа да жануарлар табиғи тепе-теңдікті сақтауда маңызды рөл атқарады.
«Қазақстанда маржан рифтері жоқ, бірақ көлдер мен өзендер, сондай-ақ су маңын мекендейтін құстар мен жануарлар көп. Біз өз елімізде өмір сүргендіктен, туған жеріміздің табиғаты мен биоалуантүрлілігін білуіміз керек. Сонымен қатар адамдар маржандар бізден алыс орналасқанымен, олардың тағдыры бізге қатыссыз емес екенін түсінсе дейміз. Табиғатта бәрі өзара байланысты. Бір жердегі экожүйе жойылса, оның зардабы бізге де әсер етеді», – деді Марал Рахымжанова.
Көрмеге келушілер теңіз жануарлары бейнеленген сирек фотосуреттерді тамашалап қана қоймай, VR-көзілдіріктер арқылы суасты әлеміне виртуалды саяхат жасай алады. Ұйымдастырушылар Каспийдің нәзік экожүйесін сақтау үшін әрбір тұрғын табиғатқа жанашырлықпен қарап, жағалаудың тазалығын сақтауы қажет екенін атап өтті. Фотокөрме 27 желтоқсанға дейін жалғасады.
Мариям БЕРІКҚЫЗЫ, Ақтау

