CaspianLife. 19 қараша. «Атырау» футбол клубы айтарлықтай жеңілдікпен сатылды. Бұған дейін жарияланған ақпаратқа сәйкес, клубқа кәсіпкер Болат Қонарбай инвестиция салады. «Атырау» клубының сатылуы Қазақстандағы футбол клубтарын жекеменшікке беру бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.
Клубтарды жекешелендіру барысы туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді.
«13 футбол клубы коммерцияландырылды. Тағы алты клуб қалды. Жыл соңына дейін бұл жұмыс толық аяқталады», – деді министр.
Қазір «Астана» футбол клубын инвесторға беру жөніндегі мәміленің шарттары келісіліп жатыр. Келісімге қол қойылғаны туралы осы немесе келесі аптада хабарлау жоспарланған. Еске салайық, футбол клубтарын жекешелендіруді жеделдету туралы тапсырманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылдың күзінде берген болатын.
Жекеменшікке өткен клубтардың қатарында кәсіпкер Тимур Турлов иелік ететін «Шахтер» мен Михаил Ломтадзеге тиесілі елордалық «Жеңіс» бар. Петропавлдың «Қызылжар» клубын кәсіпкер Сергей Кан басқарды. Қызылордалық «Қайсар» TAU Group LTD компаниясының басшысы Исламғали Қозбақовтың жеке басқаруына берілді. Ал «Елімай» клубының негізгі серіктесі ретінде «KAZ Minerals» компаниясы танылды.
«Оқжетпес» клубының инвесторы аттас қордың негізін қалаған Иван Зауэр болды. Бұған дейін Шахмурат Мүтәліп сатып алуға ниет білдірген Шымкенттің «Ордабасы» клубы e-qazyna порталындағы сауда-саттықта 156,9 млн теңгеге сатылды. «Ертіс» клубының инвесторларының қатарына Долорес Пшембаева қосылды. Ал «Тұран» Дінмұхамед Ыдырысовтың бақылауындағы «Ordabasy Group» компаниясына өтті.
Дереккөз: Kapital.kz
Фото: «Caspian News» мұрағатынан

