CaspianLife. 19 қараша. Орал қаласында полиция супермаркеттерден бірнеше рет ұрлық жасады деген күдікке ілінген азаматты анықтады. Ол – 44 жастағы жергілікті тұрғын. Полицияның мәліметінше, ер адам дүкендерден шоколад, сусабын және дезодорант ұрлаған.
Бір дүкеннен ол 11 құты сусабын мен «Merci» маркалы шоколадтың 14 қорабын алып шыққан. Бірнеше күннен кейін басқа супермаркеттен осы марканың тағы сегіз қорабын, ал үшінші дүкеннен он құты дезодорант ұрлаған.
Ер адам ұрлық жасау үшін қалталары кең күртесін пайдаланған. Тауарларды қалтасына жасырған соң, біраз уақыт сауда залында сатып алушы кейпінде жүріп, кейін ешкімнің күдігін тудырмастан дүкеннен шығып кеткен.
«Қазіргі уақытта аталған деректер бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді. Осыған орай полиция қызметкерлері сауда орындарын қауіпсіздік шараларын күшейтуге, бейнебақылау камераларын орнатуға және тауарларды қараусыз қалдырмауға шақырады», – деді БҚО полиция департаментінің ақпараттық саясат бөлімінің аға инспекторы Әлима Ғарифуллина.
Зарема ӨТЕПОВА, Батыс Қазақстан облысы
Фото: tridge.com (иллюстрациялық)

