Аудандардағы эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келеді. Індет басталғалы Мақат пен Жылыой вирус жұқтыру жағынан көш бастап тұрған еді. Қазір тәулігіне тіркелген 180-ге жуық адамның 40 пайызы осы аудандарда. Бұл туралы өңірдің бас санитарлық дәрігері айтты.
Шілденің басында дертке шалдыққандардың өсімі 10 пайызға дейін болса, қазір 2 пайызды көрсетіп отыр. Сондықтан облыстың бас санитарлық дәрігері карантиндік шектеулерді әлі де қатаң түрде сақтауға шақырады.
– Облыс бойынша коронавирус жұқтырғандардың 40-тан 60%-ке дейінгісін кен орындарының қызметкерлері құрап отыр. Қалғандары Атырау облысының басқа да аудандарының тұрғындарынан анықталған. Алайда кен орындарындағы жағдай тұрақталып келеді. Жұмысшылар мен қызметкерлер барлық шектеуді қатаң сақтап жүр, – деді Атырау облысының бас санитарлық дәрігері Сәдуақас Байғабұлов.