CaspianLife, 20 қараша. Ақтаулық фотограф Адам Шаповаловтың фотосуреттері әлемге әйгілі Vogue Italia басылымының сайтында жарияланды. Оның Наурыз мерекесіне арналған фотосериясы редакцияның мақұлдауынан өтіп, халықаралық аудиторияға ұсынылды. Бүгінде фотографтың аталған платформада жеті жұмысы жарық көрген, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Адамның Vogue Italia-мен шығармашылық байланысы 2022 жылы басталған. Алғашқы фотосуреті сол жылы басылымның онлайн-платформасында жарияланса, 2026 жылы Наурыз мерекесіне арналған тұтас фотосериясы оқырман назарына ұсынылды. Фотографтың айтуынша, ол суреттерін редакцияға өзі жолдайды. Редакторлар мақұлдаған жағдайда жұмыс Vogue логотипі бар сутаңбамен автордың портфолиосына автоматты түрде орналастырылады.
-Фотографиямен 2020 жылдан бері айналысамын. Бәрі қарапайым, бағасы қымбат емес айналы фотоаппараттан басталды. Алғашында бұл жай ғана қызығушылық еді. Қаланы аралап, бұрын байқамаған дүниелерге назар аударатынмын. Уақыт өте келе фотография мен үшін маңызды шығармашылық бағытқа айналды. Негізінен деректі және көше фотографиясына қызығамын. Қалалық орта, адамдардың күнделікті өмірі, Маңғыстаудың мәдениеті мен тарихы мені ерекше қызықтырады, — дейді Адам Шаповалов.




