«ҚазМұнайГаз» мемлекеттік компаниясының басшысы Алик Айдарбаев Атырау облысына жасаған жұмыс сапарында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовпен кездесіп, өңірде орналасқан кен орындарындағы эпидемиологиялық жағдай мен індетпен күресуге бөлінген демеушілік туралы әңгіме қозғады.
– Біздің осы өңірде орналасқан мекемелеріміз жергілікті әкімдікпен бірлесіп тұрғындарға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Мысалы, «ЕмбіМұнайГаздың» өзі медициналық құрал-жабдықтар, дәрі-дәрмектер, жеке қорғаныс бұйымдарымен қатар станционарларға арнап ас-ауқат және тұрмыстық техника үшін 300 млн. теңге бөлді. Осындай қиын жағдайда басқаларға көмектесу – әркімнің азаматтық парызы, – деді Алик Айдарбаев.
Сонымен қатар, ол «ҚазМұнайГаз» компаниясына қарасты жергілікті мұнай мекемелерінің басшыларымен селекторлық кеңес өткізді. Жиында қиын жағдайдағы дағдарысқа қарсы іс-әрекет пен пандемиямен күресте санитарлық-сақтық шараларын қатаң ұстану сөз болды. Алик Айдарбаев мұнайшылардың короновирустан қайтыс болған туған-туыстарына көңіл айтып, ауырып жатқандардың тезірек жазылып шығуына тілектестік білдірді.
Компания басшысы Атырау мұнай өңдеу зауытына барып, жоспарлы жөндеу жұмыстарымен, сондай-ақ, жаңадан салынып біткен толық жарақтандырылған медицина орталығымен де танысты. Медициналық орталықта короновирус инфекциясын жұқтырған жұмысшыларды қабылдау үшін барлық жағдай жасалған.
– Атырау халқы жағымсыз иістен арыла алмай келе жатқанын біраздан айтып келеді. «Сасық сайға» байланысты проблема бізге де таныс. Оның екі жақтан – қала мен АМӨЗ-ден толатынын жақсы білеміз. Дегенмен зауыттан шығатын қалдық механикалық және биологиялық талаптарға сай өңдеуден өтеді. Ал қаладан келетін кәріз жүйесінде ешқандай тазалау қондырғысының жоқ екені анық. Соған қарамастан жергілікті халық пен қоршаған орта үшін біз аталған мәселені шешуге жұмыстануымыз керек. Осы бағытта жергілікті қоғамдық ұйымдармен бірлесе қимылдап, атқарылған жұмыстардың есебін елге көрсетіп отыруымыз қажет, – деді «ҚазМұнайГаз» басшысы.