Ақылы жол жүйесі Атырауға да жетті. Осыған орай «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ қоғамдық тыңдау өткізді. Іс-шара тұрғындар үшін өткізілсе де, оған қатысушылардың қарасы аз болды.
Айта кетейік, бұл жаңашылдық «Атырау-Доссор- Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы» автожолында басталмақ. Онда төлем қабылдаудың «ашық» жүйесі енгізілетін болады.
Яғни, көліктерден жүріп өткен жолы үшін ақы алу – бақылау аркаларына бекітілген арнайы камера және тиісті құрылғылардың көмегімен жүзеге асады. Дегенмен 1 шақырым үшін төленетін ақы мөлшері қоғамдық тыңдаулардан кейін белгілі болады, — дейді Казавтожолдықтар.
Мамандар ақылы жүйені енгізу арқылы жол апатын азайтып, жол инфрақұрылымының дамуына ықпал етеміз деп сендіріп отыр.
Айта кетейік, ақылы учаске Атырау қаласынан басталып, Мақат, Жылой аудандары және Маңғыстау облысының Бейнеу ауданы арқылы өтеді. Мұндағы ІІ-ІІІ техникалық санаттағы жолдармен жүру жеңіл автокөлік үшін тегін болады. Ал жүк көліктері ақы төлейді. Сондай-ақ, олар тиеген жүк 10 тоннадан көп болса, айыппұл салынады.