Испанияның ұлттық соты 3 жыл бұрын 15 адамның өмірін қиған Барселона қаласындағы террористік шабуылдарға қатысты сот ісін бастады. Айыпталушы – 3 адам. Атап айтқанда, Мохамед Хули Чемлал террористік ұйымға мүше болу, жарылғыш заттарды жасау және сақтау бойынша кінәлі деп танылды.
Дәл осындай кінә шабуыл жасағандардың бірінің ағасы Дрисс Укабирге де тағылды. Одан бөлек ол қылмыскерлер қолданған фургонды жалға алып берген. Үшінші сотталушы да жиһадшыларға көмектескені үшін жауапқа тартылмақ.
Еске салсақ, 2017 жылдың 17 тамызында Каталония астанасының орталығындағы әйгілі Лас Рамблас бульварында фургон көлігі үлкен жылдамдықпен жаяу жүргіншілерді таптап өтті. Нәтижесінде, 14 адам көз жұмды. Жүргізуші оқиға орнынан қашып үлгерді. Бірақ бірнеше күн өткеннен кейін оны полиция қызметкері ұстау операциясы кезінде атып өлтірген.
Автокөлікпен шабуыл жасап, 1 адамды бақиға аттандырған 5 сыбайласы да көп ұзамай құқыққорғаушылардың қолынан қаза тапты. Лаңкестік әрекет құрбандарының арасында 3 жасар Хави Мартинес те болған.
Қантөгіс үшін жауапкершілікті «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы өз мойнына алған-ды.