CaspianLife, 2 қыркүйек. 1 қыркүйекте Бішкек қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 26-отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұйым аясындағы экономикалық ынтымақтастыққа қатысты бірқатар маңызды мәселені көтерді.
Мемлекет басшысы ШЫҰ елдерінің өзара тауар айналымы 1 триллион долларға жақындағанын, алайда қолда бар экономикалық әлеуеттің әлі де толық пайдаланылмай отырғанын атап өтті.
«Бірлескен күш-жігердің арқасында ШЫҰ елдерінің өзара тауар айналымы 1 триллион долларға сенімді түрде жақындап келеді. Алайда біздің ойымызша, экономикалық өзара байланыс әзірге қолда бар мүмкіндіктерге толық сәйкес келмейді. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ресурстық, өндірістік және технологиялық әлеуетін барынша тиімді пайдаланып, жаңа өсу нүктелері мен тұрақты іскерлік байланыстар қалыптастыру маңызды. Қазақстан кедергілері барынша аз, цифрлық рәсімдері жолға қойылған және көлік-логистикалық байланысы дамыған ШЫҰ-ның кең ауқымды сауда-инвестициялық кеңістігін құруды қолдайды. Келісімдерден нақты бастамаларға көшу қажет деп санаймыз», — деді Тоқаев.
Президент практикалық қадамдардың бірі ретінде индустриялық консорциумдар тетігін пилоттық жоба ретінде енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, бұл мемлекеттерге басқа қатысушыларды күтпей-ақ өзекті жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Кейіннен сәтті бастамаларды ұйымның барлық аумағында енгізуге болады.
Сонымен қатар Тоқаев шекара маңы ынтымақтастығы орталықтарының базасында трансшекаралық сауда аймақтарын іске қосудың маңыздылығын атап өтті.
Мемлекет басшысы бұдан бөлек ШЫҰ Даму банкін құру бастамасына тоқталып, Қазақстан оның штаб-пәтерін өз аумағында орналастыруға дайын екенін мәлімдеді.
«Қазақстан Қытайдың ШЫҰ Даму банкін құру жөніндегі бастамасын қолдайды. Бұл банктің ресурстарын ең алдымен инфрақұрылымдық, технологиялық және өнеркәсіптік жобаларға бағыттау орынды деп санаймыз. Ал мүше мемлекеттер арасында консенсус болған жағдайда, Қазақстан бұл институтты, оның штаб-пәтерін өз аумағында орналастыра алады», — деді Тоқаев.
Саммит қорытындысы бойынша 2026–2027 жылдардағы ШЫҰ-ға төрағалық Қырғызстаннан Пәкістанға өтті. Ал Лахор қаласы ұйымның туристік және мәдени астанасы болып жарияланды.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана

