CaspianLife. 19 қазан. Ақтөбе қаласында жеке клиниканы басқарған Жәнібек Нармұхаммедов алаяқтық және ірі көлемдегі қаражатты жымқыру ісі бойынша кінәлі деп танылды. Сот оған 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, осы мерзімге медициналық қызметпен айналысу құқығынан айырды.
Тергеу материалдарына сәйкес, дәрігер 2020-2025 жылдар аралығында DamuMed ақпараттық жүйесіне жалған мәліметтер енгізген. Жүйеге іс жүзінде көрсетілмеген медициналық қызметтер туралы деректер, сондай-ақ бұрын жасалған процедуралар жөніндегі қайталанған жазбалар енгізілген. Осылайша ол Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 53 млн теңгеден астам қаражатты заңсыз алған.
Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, мемлекетке келтірілген залалды өтеген.
Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Жансая Тайырованың айтуынша, Нармұхаммедов Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылған. Ал Қылмыстық кодекстің 63-бабына сәйкес, оған тағайындалған бас бостандығынан айыру жазасы шартты деп есептеледі.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Жәнібек Нармұхаммедов – Ақтөбе облысына танымал маман. Оның медицина саласындағы еңбек өтілі 40 жылдан асады.
Камшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ, Ақтөбе облысы
Фото: pkzsk.info

