CaspianLife. 19 қазан. 2026 жылғы қыркүйекте Қазақстанда 0,5 млрд текше метр тауарлық газ өндірілді. Бұл – 2011 жылдың қазан айынан бергі ең төменгі көрсеткіш. Мұндай мәліметтерді Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы жариялады.
Тамыз айымен салыстырғанда газ өндірісі 4,3 есе, ал 2025 жылдың қыркүйегімен салыстырғанда 3,3 есе азайған.
Елдегі тауарлық газдың 80 пайыздан астамы дәстүрлі түрде Батыс Қазақстан облысында өндіріледі. Мұнда Қазақстандағы ең ірі кен орындарының бірі – Қарашығанақ орналасқан. Қыркүйекте өңірде газ өндірісі 370 млн текше метрге дейін төмендеді. Бұл тамыз айындағы көрсеткіштен 5,5 есе, ал бір жыл бұрынғы деңгейден 4,2 есе аз.
Өңірде мұнай өндіру көлемі де күрт қысқарған. Қыркүйекте 206 мың тонна мұнай өндірілді. Бұл тамыз айымен салыстырғанда 4,9 есе, ал 2025 жылдың қыркүйегімен салыстырғанда 3,9 есе төмен.
Өндірістің төмендеуіне Қарашығанақ кен орнында қыркүйек айында жүргізілген жоспарлы жөндеу жұмыстары себеп болған. Күтілгендей, жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін мұнай өндіру көлемінің айлық төмендеуі 450 мың тоннадан аспауға тиіс еді. Ал тауарлық газ өндірісінің өзгеруіне қатысты болжам жарияланбаған.
Дереккөз: DATA HUB
Фото: engage.gov

