CaspianLife. 20 қазан. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақының 14 түрін тағайындау кезінде отбасының материалдық жағдайы ескеріледі. Көмек шынымен мұқтаж азаматтарға бағытталып, табысы жоғары отбасылардың басым бөлігі бұл төлемдерден қағылуы мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев жаңа жүйені өзі тексеріп көрді. Ол отбасының табысы мен мүлкі туралы мәліметтерді ашық жариялап, онлайн-калькулятор арқылы олардың қай санатқа жататынын анықтаған.
«Министрдің ай сайынғы жалақысы — 1 миллион 200 мың теңге. Жұбайы уақытша жұмыс істемейді, отбасында төрт бала бар. Отбасының Астанада ауданы 100 және 60 шаршы метр болатын екі пәтері, сондай-ақ 2013 жылы шығарылған Toyota Camry автокөлігі бар. Кәсіпкерлік қызметпен айналыспайды және жер учаскелері жоқ. Ересек екі ұлы жұмыс істейді, олардың айлық табысы тиісінше 600 мың және 400 мың теңгені құрайды», — деп түсіндірді ведомство өкілдері.
Осы мәліметтерді калькуляторға енгізгеннен кейін министрдің отбасы В санатына жатқызылған. Бұл санаттағы отбасылар мемлекеттік жәрдемақының басым бөлігін ала алмайды. Асқарбек Ертаевтың айтуынша, оның отбасы соңғы рет 2022 жылы төртінші баласы дүниеге келген кезде төлем алған.
Келесі жылдан бастап мұқтаждық деңгейіне қарай жәрдемақының 14 түрі C, D және E санатындағы отбасыларға сақталады. Ал A және B санатындағы отбасылар бұл төлемдерді алмайды.
Министр қазіргі әлеуметтік көмек алушылардың саны туралы да мәлімет берді.
«А санатында 77 мың адам әлеуметтік төлем алады. В санатында алушылар саны — 475 мың адам. Қалған 3 миллион 200 мың алушы C, D және E санаттарына жатады. Олардың ішінде 2 миллион 700 мың адам әлеуметтік тұрғыдан ең осал топқа кіреді», — деді Асқарбек Ертаев.
Отбасының цифрлық картасы азаматтарды әл-ауқат деңгейіне қарай бес санатқа бөледі. Жүйе 59 көрсеткішті бағалайды. Олардың қатарында табыс көлемі, тұрғын үйдің, көлік пен басқа да мүліктің болуы, сондай-ақ отбасының әлеуметтік мәртебесі бар. Сонымен бірге несиелік жүктеме мен асырауындағы адамдардың саны да ескеріледі.
Жаңа тәсілдің негізгі мақсаты — мемлекеттік көмекті шынымен мұқтаж азаматтарға атаулы түрде бағыттау.
Аселим КАЛКЕН, Астана
Фото: obvk.kz

