CaspianLife. 20 қазан. Атырау қаласындағы «Самал» шағынауданында жоспарланған 16 көпқабатты тұрғын үйдің алтауының құрылысы аяқталды. Мердігер — «Direct Construction Service» ЖШС. Қазір үйлердің ішкі әрлеу жұмыстары толық аяқталып, инженерлік желілер тартылған. Нысандарды қабылдау актілері рәсімделіп жатыр.
Бұл туралы Атырау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Арнат Ондасынов мәлімдеді.
«Төрт үйдің техникалық паспорттары дайын. Тағы екі үйдің құжаттары әзірленіп жатыр. Жыл соңына дейін 432 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Барлық пәтер кредиттік тұрғын үй санатына жатады және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі арқылы «Отбасы банк» жүйесіне беріледі», — деді Арнат Ондасынов.
Бұдан бөлек, шағынауданда тағы 144 пәтерге арналған екі үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оларды 2027 жылғы наурызда пайдалануға беру жоспарланған.
Облыс әкімі Болат Ақшолақов мердігерге тұрғын үйлер мен инженерлік инфрақұрылым құрылысының сапасын қамтамасыз етіп, барлық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

