CaspianLife, 8 қыркүйек. Қызылорда қаласындағы шағын тоннажды мұнай өңдеу зауыттарының бірінің аумағында өрт шықты. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
Өрт Шоқай көшесінде орналасқан кәсіпорын аумағында болған. Әрқайсысының сыйымдылығы 60 тонна болатын екі резервуар өртенген. Оларда жалпы көлемі 120 тонна мұнай өнімі болған.
Оқиға орнына алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келген кезде резервуарлар ашық жалынмен жанып жатқан. Сонымен қатар өрттің маңындағы тағы үш резервуарға таралу қаупі болған.
Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың және басқа да қызметтердің күштері мен құралдары жұмылдырылды. Оқиға орнында жедел басқару үшін өрт сөндіру штабы құрылды.
Көршілес резервуарларды қорғау мақсатында тасымалды лафеттік оқпандар қолданылып, көбікпен өрт сөндіру жұмыстары жүргізілді. Қосымша өрт сөндіру пойызы да тартылды.
Өрт сөндірушілердің жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында жалынның таралуына жол берілмей, жанындағы үш резервуар сақталып қалды.
Өрт 200 шаршы метр аумақта толық сөндірілді.
Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Оқиғаға қатысты зерттеу жүргізу үшін өрт сынақ зертханасы тағайындалған.
Дереккөз: ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі

