Caspianlife, 8 қыркүйек. Мемлекеттік қолдау алған Ақтөбе облысының кәсіпкерлері өндірістік қуаттарын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашып жатыр. Мемлекет бөлген қаржының нәтижесі өңірдегі жұмыс істеп тұрған нысандардан көрініс табуда. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Досжан Әлібеков жұмыс сапары барысында «Aktobe Med Service» ЖШС-нің «ERKEMED» медициналық орталығы мен «Euro Plast Company» ЖШС-нің пластикалық конструкциялар шығаратын цехына барды. Екі жоба да мемлекеттік қолдау шараларының көмегімен жүзеге асырылған.
«ERKEMED» медициналық орталығының жобасына 432 млн теңге инвестиция салынған. Кәсіпкерлік нысаны субсидиялау және кепілдендіру тетіктері арқылы мемлекеттік қолдауға ие болған. Қазір орталық тұрғындарға сұранысқа ие медициналық қызмет көрсетіп, заманауи көмек ұсынып отыр.
Ал «Euro Plast Company» ЖШС пластикалық конструкциялар шығаратын цехын дамытуға 180 млн теңге инвестиция салған. Жоба 2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жүзеге асқан.
Кәсіпкерлер басқарма басшысына өндірістік қуаттары, өнім көлемі, ашылған жұмыс орындары және алдағы жоспарлары туралы айтып берді.
«Мемлекеттік қолдаудың негізгі мақсаты – кәсіпкерлерге жобаны іске қосуға ғана көмектесу емес, өндірісті кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және бизнестің тұрақты дамуына жағдай жасау. Бүгінде мұндай қолдаудың нәтижесін нақты жұмыс істеп тұрған нысандардан көруге болады», – деді Досжан Әлібеков.
Соңғы үш жылда Ақтөбе облысында мемлекеттік қолдаумен 4 497 жоба қамтылып, оларды жүзеге асыруға 41,7 млрд теңге бағытталған.
Мемлекеттік қолдау бағдарламалары 2026 жылы да жалғасып жатыр. «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында білім беру, денсаулық сақтау, жүк тасымалдау және қызмет көрсету салаларындағы жобаларға жеңілдетілген қаржыландыру қарастырылған. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 1,9 млрд теңге бөлінген.
Өңірде мемлекеттік қолдау құралдарының қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру жұмыстары жалғасуда. Негізгі басымдық – жаңа жобаларды іске қосу, жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және шағын және орта бизнестің облыс экономикасына қосатын үлесін арттыру.
Дереккөз: Ақтөбе облысының әкімдігі

