Caspianlife, 1 қыркүйек. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2027 жылғы қажылық маусымын ұйымдастыруға қатысатын туроператорларды іріктеу қорытындысын жариялады.
Іріктеудің негізгі мақсаты – қазақстандық қажыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру, Сауд Арабиясында олардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қамтамасыз ету, сондай-ақ қажылық саласына қатысты Сауд тарапының заңды талаптарын сақтау.
ҚМДБ мәліметінше, туроператорларды іріктеу арнайы құрылған комиссия тарапынан жүргізілген. Бағалау барысында үміткер компаниялардың қажылық және ұмра сапарларын ұйымдастырудағы жыл бойғы қызмет көрсеткіштері мен тәжірибесі, ресми тәртіпте алған туркодтары және тиісті лицензияларының жарамдылығы ескерілген.
Сонымен қатар туроператорлардың ұйымдастырушылық қабілеті мен белгіленген талаптарға сәйкестігі сараланған. Сауд Арабиясы тарапынан қажылық сапарын ұйымдастырушыларға қойылатын талаптардың сақталуына да назар аударылған.
Комиссия мүшелері туроператорларды баллдық жүйе арқылы бағалап, кешенді және салыстырмалы саралау нәтижесінде 2027 жылғы қажылық маусымын ұйымдастыруға лайықты деп танылған төрт компанияны анықтады.
Олар:
- «Атлас Туризм» ЖШС
- «Нұрхан Тревел» ЖШС
- «Тауаф Тревел» ЖШС
- «Хикмет Тревел» ЖШС
ҚМДБ мәліметінше, іріктеуден өте алмаған туроператорларға да заңнамада белгіленген тәртіппен жоғарыда аталған туроператорлардың бірімен субагенттік негізде қажылық сапарын ұйымдастыруға мүмкіндік беріледі.

