CaspianLife, 8 қыркүйек. Атырауда қоғамдық орындарда және әлеуметтік желілерде былапыт сөз қолдануға байланысты істер көбейіп келеді. Биылдың алғашқы алты айында осыған қатысты жүздеген іс қаралған.
Атырау қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы Гүлжан Азаматтың айтуынша, алты ай ішінде 540 дерек бойынша іс қаралған. Оның ішінде қоғамдық орындарда балағат сөз қолдану, сондай-ақ әлеуметтік желілерде тіл тигізу фактілері бар.
Сот шешімімен 284 адам әкімшілік қамаққа алынған, ал 190 адамға айыппұл салынған.
Мамандардың айтуынша, былтыр бір жылдың ішінде осындай 787 іс қаралған. Биыл көрсеткіштің өсуіне қоғамдық орындардан бөлек, әлеуметтік желілердегі шағымдардың көбеюі де әсер етіп отыр.
Қазір азаматтар TikTok, Instagram және Threads платформаларында жазған немесе айтқан сөзі үшін де жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Әсіресе ар-намысқа тиетін сөздер мен балағат пікірлер бойынша шағымдар қаралады.
Мамандар әлеуметтік желілерде көбіне лауазымды тұлғаларды балағаттау және олардың ар-намысына тию фактілері кездесетінін айтады. Мұндай деректерді полиция мониторинг барысында анықтайды.
Ал қоғамдық орындардағы балағат сөздерге қатысты істердің басым бөлігі жастар арасында тіркеледі. Көбіне қыз бен жігіт арасындағы жанжал, сондай-ақ көршілер арасындағы келіспеушілік сотқа дейін жетіп жатады.
Судьяның айтуынша, азаматтар тек айтылған сөз үшін ғана емес, әлеуметтік желіде жазылған пікір, тікелей эфирдегі сөз немесе видео арқылы жасалған әрекет үшін де жауапкершілік қарастырылатынын ескеруі керек.
Бибігүл ТАҢАТАР

